Алматылық оқушылар Қазақстан Президентінің қабылдауында болды
2025 жылдың 11 тамызында Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеті беделді халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен салтанатты кездесуі өтті. Қатысушылар қатарында елдің әр өңірінен келген, соның ішінде әлемдік аренада Қазақстанның абыройын асқақтатқан Алматы қаласының талантты оқушылары да бар.
Іс-шараға шақырылған 24 лауреаттың бесеуі – алматылық мектеп оқушылары. Амирлан Аманжолов (11-сынып, Haileybury Almaty) пен Мирон Юркевич (12-сынып, Haileybury Almaty) – Халықаралық математика олимпиадасының (IMO) күміс жүлдегерлері. Ерасыл Алтынбек (10-сынып, «Nurorda Almaty» мектеп-лицейі) – IMO-ның қола жүлдегері. Халықаралық олимпиадалардың тағы екі қола жүлдегері – информатика пәні бойынша (IOI) 9-сынып оқушысы Даужан Бекетов (№165 мамандандырылған лицей) және биология пәні бойынша (IBO) 8-сынып оқушысы Алихан Аширханов («Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты).
Жас дарындарға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы оларды білім саласындағы жетістіктерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, беделді халықаралық зияткерлік сайыстардағы жеңіс пен Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуы – айрықша жетістік. Мемлекет басшысы жоғары зияткерлік әлеуетке ие ұрпақ тәрбиелеген барлық педагогтарға және ата-аналарға алғыс айтып, Қазақстанның болашағы – жасампаз жастардың қолында екенін атап өтті.
«Бүгін – біздің отбасымыздың ең бақытты күндерінің бірі. Ұлымыз Алихан Қазақстан Президентінің қабылдауында Ақордада болды! 14 жастағы ұлымызға көрсетілген қолдау мен сенім үшін шексіз ризамыз. Біздің елімізде балалардың дамуына барлық жағдай жасалған. Бүгінгі жетістік – Алиханның жеңіске деген ынтасы мен талпынысының нәтижесі. Ұлымыздың табысты болуына Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының мұғалімі Ербол Нұрмағамбетовтың еңбегі зор. Сондай-ақ, биылғы жылдан бері Алиханды бірнеше рет Астанаға, Ресейге, Филиппинге апарған Республикалық «Дарын» орталығына алғыс айтамыз», – деп Instagram парақшасында бөлісті Алихан Аширхановтың анасы Багдат Нышанбекқызы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының қабылдауына шақырылған талантты оқушылардың арасында 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері бар. Олар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндері бойынша үздік нәтиже көрсетті.
Халықаралық математика олимпиадасы Австралияның Саншайн-Кост қаласында өтіп, оған 100 елден 600 оқушы қатысты. Халықаралық биология олимпиадасы (Филиппин, Кесон-Сити) 80 мемлекеттің 320 қатысушысын жинаса, Халықаралық информатика олимпиадасы (Боливия, Сукре) – 98 елден келген 400 оқушыны қамтыды.