Алматыда техникалық білімге көп көңіл бөле бастады
Алматының төрт колледжі жаңаша техникалық және кәсіби білім беретін Құзыреттілік орталықтың жұмысын таныстырды. Мұнда қазір цифрлық технологияларды, дуальды оқыту жүйесі сияқты бағдарламаларды енгізіп, экономиканың нақты секторымен ынтымақтаса отырып дамып келеді. Қазақстан президентінің мұрындық болуымен қолға алынған Жұмысшы мамандықтар жылының аясында, қала әкімдігі мен Білім басқармасының қолдауымен колледждер қазіргі кезде сұранысқа ие болып тұрған кәсіби мамандарды қалай даярлап жатқанын көрсетті. Пресс-турды Өңірлік коммуникациялар қызметі мен Білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған.
Құзыреттілік орталықтары білім беру мен еңбек нарығы арасындағы байланыстырушы буынға айналып, теория мен тәжірибе арасындағы алшақтықты жоюға көмектеспек. Бұл жерде студенттер теориялық білім алып қана қоймай, оны жұмыспен ұштастырып, дағдыланып шығады.
Алматының төрт жетекші колледжінің басшылығы білім беру әдістеріндегі бірегей тәсіл мен жетістіктерін көрсетті. Мысалы, Алматы көпсалалы колледжінің, Алматы энергетика және электрондық технологиялар колледжінің және Алматы құрылыс-техникалық колледжінің базасында WorldSkills чемпионатына дайындық бойынша жаттықтыру лагерьлері жұмыс істейді. Мұнда электромонтаж, өндірістік автоматика, автокөлікті техникалық қызмет көрсету, IT, сантехника және жылыту, құрғақ құрылыс, дәнекерлеу мен жиһаз өндірісін оқытады. Барлығы осы заманғы жабдықтарды пайдаланып, тәжірибелі тәлімгерлердің басшылығымен өтеді.
«Колледжді бітірген соң студенттердің 87%-дан астамы жұмысқа орналасады, қалғаны жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырады, әскерге кетеді немесе басқа жолды таңдайды. Дуальды оқыту аясында бізде студенттердің 100% жұмысқа орналасқан. Біз студенттерді кәсіпорындардың сұранысы бойынша оқытамыз. Мысалы, жиһаз өндірісі бағытында студенттер бірінші курстан бастап өндіріс орнына бекітіліп, тәжірибе өтеді, оқуды бітіргеннен кейін сол жерге жұмысқа орналасады», – дейді Алматы көпсалалы колледжінің директоры Асылхан Бейсетбаев.
Оның айтуынша, колледждің оқу шеберханалары жай ғана сыныптар емес, толыққанды жаттықтыру алаңы.
«Біз техникалық терминологияны ағылшын тілінде үйренуге үлкен мән береміз, себебі WorldSkills пен EuroSkills-тің барлық жарысы осы тілде өтеді. Студенттерге техникалық аудармаларды қамтитын арнайы курстар ұйымдастырылады», – деп қосты өндірістік оқыту шебері, автокөлікке техникалық қызмет көрсету бағыты бойынша халықаралық сарапшы Таңшолпан Төлендиева.
Алматы құрылыс-техникалық колледжінің бөлім меңгерушісі Бауыржан Мұхамеджанов студенттерді халықаралық деңгейде қалай даярлап жатқандарын айтып берді.
«Польша мен Францияда өткен жарысқа барып қайттық жақында. Онда біздің студент жүлделі орын алып, «Үздік маман» медальонын иеленді. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік. Бұл біздің мамандар халықаралық деңгейге сай екенін көрсетті», – деді Бауыржан Мұхамеджанов.
Алматы энергетика және электрондық технологиялар колледжінің жанында электр энергетикасы мен өндірісті автоматтандыру саласындағы Аймақтық құзыреттілік орталығы жұмыс істейді. Мұнда қорытынды аттестацияның емтиханын өткізуге, WS чемпионаттарына қатысатындарды даярлап, практикалық оқытуға арналған жаттығу полигоны жұмыс істейді.
Колледж директоры Бағдаулет Абызбаев халықаралық жарыстардағы студенттердің дайындығы өте жоғары болғанын атап өтті.
«Біз «Smartlife» компаниясымен әріптестік орнатып, «ақылды үй» бағыты бойынша оқытамыз. Орталықта күн панелін өндіретін шеберхана да бар. Студенттер өз қолымен күн панельдерін жасап, бүкіл жұмысты меңгеріп, болашақта колледж ғимаратын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Әкімдік пен дуальды оқыту жүйесінің қолдауының арқасында түлектеріміздің 95%-ы жұмысқа орналасқан», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ мұнда біліктілікті арттыру арқылы қысқа мерзімді курстар жүргізіледі. Осы уақытқа дейін «электромонтер» мен «электромонтажшы» мамандықтары бойынша 500-ден астам маман даярланды.
Алматы технологиялық колледжінің ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Айжан Темірбекованың айтуынша, «Тамақ технологиялары» бағыты бойынша құзыреттілік орталығы 2022 жылы «Жас маман» жобасы аясында Алматы қаласы Білім басқармасының қолдауымен ашылыпты.
«Орталық осы заманғы цифрлық жабдықтармен толық жабдықталған, мұндай құрал-жабдық қаладағы кейбір мейрамханаларда да жоқ. Бұл студенттерге ең озық технологиялар мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Біз емтихандарға дайындап, мамандарды қайта даярлап, сондай-ақ қысқа мерзімді курстар ұйымдастырамыз», – дейді Айжан Болатқызы.
Оның айтуынша, орталықта ерте кәсіби бағдарлау бағытында да жұмыс жүргізіледі.
«2024 жылдан бастап біз «Болашақ мамандықпен жаз» жобасын бастап, оған 50 мектеп оқушысы қатысты. Орталықта жыл сайын 7 жастан бастап балаларға арналған «Фуд-баттл» байқауы мен мектеп оқушыларына арналған кәсіби сынамалар өткізіледі, олар бізге апта сайын келіп тұрады. №153 А.Розыбакиев атындағы мектеп-гимназиямен бірлесіп «Бір мектеп – бір дағды» жобасы да жүзеге асырылып жатыр», – деді Айжан Темірбекова.
Аталған төрт колледждің барлық құзыреттілік орталықтары замандық құралдармен толық жабдықталған. Қонақтарға оқу процесі, шеберлік сабақтары, студенттердің қолынан шыққан өнімдердің көрмесі мен WorldSkills элементтерімен кәсіби көрсетілімдер ұсынылды.
Халықаралық сарапшылар қазақстандық студенттердің даярлық деңгейі халықаралық стандарттарға сай екенін атап өтті.
Алматылық студенттердің даярлық деңгейін көрсету үшін айта кетейік: 2024 жылдың қыркүйегінде Францияның Лион қаласында өткен 47-ші WorldSkills International халықаралық чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы алғаш рет үлкен жетістікке қол жеткізіп, 7 медальон алды. Алматы қаласы атынан ұлттық құрама сапында 4 адам мен «құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары» құзыреттілігі бойынша бір халықаралық сарапшы – Алматы құрылыс-техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Бауыржан Мұхамбетжанов қатысты. Турнир қорытындысы бойынша АСТК студенті Михаил Попов («Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары») пен «Әділет» колледжінің студенті Жанель Сағындық («Қонақ үй қабылдаушысы») «Үздік» атағын алды. Бұл – халықаралық сарапшылардың мойындағаны, алматылық студенттердің кәсіби шеберлігінің деңгейі жоғары екеніне дәлел.
Қазір Алматы колледждерінің студенттері мен шеберлері 2025 жылғы 9-13 қыркүйек аралығында Данияның Хернинг қаласында өтетін EuroSkills Herning 2025 халықаралық чемпионатына дайындалып жатыр. Алматының атынан үш студент қатыспақ: Алматы құрылыс-техникалық колледжі («Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары»), «Әділет» колледжі» («Қонақ үй қабылдаушысы») мен Алматы автомобиль және сән индустриясы колледжі («Сән технологиясы»).
Құзыреттілік орталықтары – жай ғана оқу сыныптары емес, бұл – цифрлық және индустриялық экономика үшін мамандарды даярлайтын қуатты білім беру хабтарына айналып барады. Олар техникалық білімді беделді етіп, жастарға жарқын болашақ сыйлап, адам капиталын дамытуға атсалысатын үлкен білім ордасы болып отыр.