11 шілде Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Жанұя» мамандандырылған кешеніне жүргізілген кешенді прокурорлық тексерудің қорытындысы бойынша брифинг өтті.
2024 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желілерде таралған, оның ішінде балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты мәліметтерге жауап ретінде тексеру жүргізілген болатын. Атап айтқанда, «Жанұя» МК тәрбиеленушілеріне әдейі диагноз қойып, оларды медико-әлеуметтік мекемелерге ауыстыру жайлы мәлімдемелер болған. Алматы қаласының Білім басқармасы мен «Жанұя» арнайы кешенінің қамқоршылық кеңесіне мүше қоғам қайраткерлері прокурорлық тексерудің бастамашысы болды.
«Тексеру барысында біз «Сенім» әлеуметтік қызметтер орталығына ауыстырылған балаларға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындадық. Тексеру барысында балаларға қойылған деректер мен диагноздар расталды. Яғни, әлеуметтік желілерде таратылғандай, диагноздар өзгертілмеген. Барлық диагноздар тек дәрігерлік комиссиямен қойылған», – деді Медеу ауданы прокурорының орынбасары Ермек Базарбаев.
«Сенім» мекемесінде жатқан балалар психиатрдың тұрақты бақылауын және жүйелі ем қабылдауды қажет етеді. Диагноздарына байланысты олардың көбі жақсы мен жаманды, не істеуге болатынын және болмайтынын, қай жерде қауіп бар екенін түсіне алмайды. Бұл балаларға психиатр, невропатолог, педиатр секілді мамандардан бөлек, реабилитологтар, дефектологтар, әлеуметтік қызметкерлер көмектеседі. Ал «Жанұя» кешенінде мұндай ем қабылдай алмайды, себебі заң бойынша емдеу құқығы жоқ. Бұл балалардың мінез-құлқындағы ауытқуларды ескерсек, оларды әлеуметтендіру де қиын», – деді Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығының балалар стационарының меңгерушісі, штаттан тыс бас балалар психиатры Ольга Александрова.
Дәрігер маманның айтуынша, «Жанұя» мен «Сенім» мекемелерінде арнайы көмекке мұқтаж балалар бар. Егер «Жанұя» кешенінде тәрбиеленушілер мектеп жағдайында білім алса, «Сенім» орталығында үй жағдайында оқытылады.
«Сенімге» ауыстырылған балаларға қойылған диагноздар – жеңіл және орта деңгейдегі ақыл-ой кемістігі, бір жағдайда – шизофрения. «Жанұя» кешенінің заң бойынша ем жүргізуге құқығы жоқ, ал бұл балалар тұрақты ем қабылдауға мұқтаж. Біз балаларды жыл сайын қарап, қажет болса, үйден оқытуға жолдама береміз. Егер баланың жағдайы жақсарса, мектепте оқуға рұқсат береміз. Бірақ әзірге бұл балаларға ондай мүмкіндік жоқ», – деді Ольга Александрова.
«Жанұя» кешенінің директоры Марина Даулетбекованың айтуынша, бүгінгі таңда мекемеде 76 бала – жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленуде. Олар ПНПК-ның қорытындысы негізінде келіп, белгілі бір диагноздармен және оқыту бағытымен қабылданады.
«Соңғы 3 жылда 24 балаға қойылған диагноздар алынып тасталды, олар Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінде оқып жүр. Бұл балалар 10 - 11 сыныпқа барып, ҰБТ-ны жалпы негізде тапсыру мүмкіндігіне ие. Бұл да прокуратураның кешенді тексерісі кезінде анықталды», – деді Марина Даулетбекова.
Өз кезегінде, «Жанұя» кешенінің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Рафаэль Гасанов балалардың жеке деректеріне қатысты жалған ақпарат таратқан адамдар жауапкершілікке тартылуы қажет екенін атап өтті.
«Біз бұл мәселеге қатысты жалған ақпарат таратқандарға қатысты сотқа талап-арыздардың жолданғанын білеміз. Тергеу нәтижелерін міндетті түрде жариялап, бұл істі соңына дейін жеткіземіз. Сонымен қатар, Бас прокуратура мен ІІМ-ге жүгінуді жоспарлап отырмыз. Себебі, «Жанұя» кешенінің тәрбиеленушілеріне қатысты алып-қашпа сөздер мен манипуляциялар әлі де жалғасып жатыр. Балалардың есімдері қайтадан таратылып жүр, бұл – олардың жеке дерегі», – деді Рафаэль Гасанов.