Алматы қаласының педагогі биік тау шыңын бағындырды
Алматы қаласы Бостандық ауданы білім бөлімінің бас маманы Ескендір Өтей 3965 метр биіктіктегі «Турист» шыңына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын орнатты
Алматы қаласы Бостандық ауданының білім бөлімінің бас маманы Ескендір Өтейдің бастамасымен патриоттық акция ұйымдастырылды. Аталған шара барысында ол 3965 метр биіктікте орналасқан «Турист» шыңына шығып, сол жерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын орнатты.
Бұл ерекше идея Ескендір Өтейге бұған дейінгі «Үлкен Алматы» шыңына (Большой Алматинский пик) шыққан сапары барысында келген болатын. Сол сәтте ол биік шыңдарда Тәуелсіз еліміздің туын желбірету арқылы жастарға отансүйгіштік пен елге деген мақтаныш сезімін дарытуды мақсат етіп қойған.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілді.
Акцияның мақсаты — өскелең ұрпақтың бойында патриоттық рухты, азаматтық жауапкершілікті, мемлекеттік рәміздер мен ел тарихына деген құрметті қалыптастыру.
Аталған шараға арнайы лицей №92-нің мұғалімі мен Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің студенті де қатысты. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын, ұстаздар мен жастардың бірлігі мен белсенді азаматтық ұстанымын айғақтайды.
Биік шыңға Тудың орнатылуы — халықтың рухани күшін, биік мұратқа ұмтылысын және бірлігін бейнелейтін символдық қадам. Мұндай бастамалар жастарды шабыттандырып, ұлттық құндылықтарды терең сезінуге ықпал етеді.