Алматы қаласында балабақшаларда ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілуде
Алматыда Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ және Алматы қаласы Білім басқармасымен бірлесіп, Мектепке дейінгі білім беру мекемелерін сараланған қаржыландырудың жаңа моделін ұсынды. Барлық меншік нысанындағы балабақшалар үшін «ақша баланың соңынан жүреді» қағидасы бойынша мемлекеттік тапсырысты бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатын көздейтін ваучерлік қаржыландыру моделі 2025 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін болады.
Жаңашылдықты түсіндіру бойынша кездесулер мемлекеттік, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар мен ата-аналармен 3 күн ішінде өтеді. Түсіндірулер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, Алматы қаласы Білім басқармасы, «Қаржы орталығы» АҚ, «IN CRAFT» ЖШС қызметкерлерінің қатысуымен өтеді.
Жобаның негізгі мақсаты-мектепке дейінгі білім беру саласында бюджет қаражатын бөлудің ашықтығын және тиімділігін арттыру. Дәстүрлі модельден айырмашылығы, ваучерлік тәсілмен ақша тікелей білім беру мекемесіне жіберілмей, ақша баланың соңынан жүреді. Жүйе балабақшаларды қаржыландыру ата-аналар растайтын келу табелі негізінде жүзеге асырылатынын және осыдан кейін ғана мектепке дейінгі ұйымдардың атына қаражат есептеу және аудару жүргізілетінін көздейді.
Баланы балабақшаға қабылдауға өтінімдер balabaqsha «SmartNation» порталы арқылы қолжетімді болады (https://smartnation.kz).