Өзіңді АИТВ-дан қорғау үшін біл!

Өзіңді АИТВ-дан қорғау үшін біл!

2025 жылғы 13 мамырда Алматы технологиялық колледжінің студенттері АИТВ инфекциясының алдын алу туралы көптеген жаңа және пайдалы ақпарат алды.

Алматы қалалық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары студенттерге АИТВ-ның жұғу жолдары мен одан қорғану тәсілдері туралы дәріс оқыды. Іс-шара Репродуктивті денсаулық апталығы аясында ұйымдастырылды.

АИТВ-ның алдын алу — бұл, ең алдымен, ақпараттанудан басталады. Білім жастарға өз денсаулығына және қауіпсіздігіне саналы түрде қарауға көмектеседі.

АИТВ мен ЖЖБИ-дің (жыныстық жолмен берілетін инфекциялар) алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі – әрбір жыныстық қатынас кезінде мүшеқап қолдану. Сондай-ақ АИТВ мен басқа да ЖЖБИ-ларға үнемі тест тапсырып отыру маңызды.

– АИТВ-ның алдын алу шараларында стигма мен кемсітушілікке қарсы күреске ерекше назар аударылады. АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға ашық және құрметпен қарау – олардың өз мәртебесін білуден қорықпай, көмек сұрап, қажет болған жағдайда уақытылы емделуіне мүмкіндік береді, – дейді Алматы қаласы ЖИТС орталығының әлеуметтік қызметкері Дербисәлиева Ансагүл.

Іс-шара барысында барлық қалаушылар өз АИТВ мәртебесін анықтай алды. Медициналық қызметкерлер экспресс-тестілеу жүргізіп, нәтижелер небәрі 20 минут ішінде дайын болды. Тестілеуден өткен барлық азаматтарға психоәлеуметтік кеңес берілді.