Алматы онкологиялық орталығына «жатыр мойны обырының II сатысы» диагнозымен 26 жастағы әйел жеткізілді.
Бұл туралы онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Райхан Болатбекова айтты.
Науқас бір жыл бойы қанды бөліністер мен шағымдарға қарамастан дәрігерге жүгінбеген.
«Оның екі баласы бар. Жағдайы өте нашарлап кеткен кезде ғана ол медициналық тексеруден өтуге шешім қабылдады», – дейді Болатбекова.
Онкологиялық орталықтың онкогинекологтары күрделі үш сағаттық ота жүргізді: жатыр, жатыр мойны және регионарлық лимфа түйіндері алынды.
Науқас жас болғандықтан, дәрігерлер аналық бездерді сақтап қалу туралы шешім қабылдады, бұл болашақта суррогат ана болу арқылы ана атануына мүмкіндік береді.
Ота сәтті өтті, қазіргі таңда әйел мамандардың бақылауында және химио-сәулелік терапия түрінде қосымша ем қабылдауда.
Райхан Болатбекованың айтуынша, Алматыда жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы онкологиялық аурулар ішінде сүт безі обырынан кейін екінші орында тұр. 2024 жылы бұл дерт бойынша 206 жаңа жағдай тіркелген. Негізгі жас тобы — 35-тен 50 жасқа дейінгі әйелдер. Алайда, аурудың жасаруы үрдісі алаңдатарлық күйде қалып отыр.
«Мысалы, Алматыда 20–24 жас аралығындағы науқастарда жатыр мойны обырын диагностикалау жағдайлары тіркелуде. Ерте сатыда бұл ауру айқын белгілерсіз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты профилактикалық тексерулер мен скринингтен өту арқылы жатыр мойны обырын бастапқы кезеңінде анықтап, сәтті емдеуге болады», — дейді онкогинеколог.
Мемлекеттік бағдарлама аясында 30-дан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет тегін скринингтен өте алады. Бұл — цитологиялық жағынды алу арқылы жүргізілетін, ерте диагноз қоюдың қарапайым әрі қолжетімді әдісі.
Дәрігерлер барлық әйелдерге тіпті болмашы белгілердің өзін елемеуге болмайтындығын және гинекологқа тұрақты түрде баруға кеңес береді. 26 жастағы науқастың жағдайында кешігу оған репродуктивті функциясын сақтау мүмкіндігінен айырылуына себеп болды.