Алматыда сәбилерді соқырлықтан құтқарып қалған тамаша оталар жасалды: әлемдік деңгейдегі офтальмохирургтың қатысуымен өткен халықаралық шеберлік-дәрісі

Алматыда сәбилерді соқырлықтан құтқарып қалған тамаша оталар жасалды: әлемдік деңгейдегі офтальмохирургтың қатысуымен өткен халықаралық шеберлік-дәрісі

Алматыда Қазақстан медицинасының тарихында алғаш рет шала туылған нәрестелерге ерте бастан витрэктомия жасау – сәбилердің көру қабілетін мәңгілікке жоғалтпауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық операция бойынша халықаралық шеберлік сыныбы өтті.

Бұл хирургиялық тәжірибенің төрт күні ғана емес еді – осы төрт күннің ішінде шын мәнінде жанарлар, жарық әлем мен болашақ құтқарылды. Өйткені сәби шақтан көру қабілетінен айрылып қалу  – тек медициналық диагноз емес. Бұл – әлемнен, гүлдерден, ананың жүзінен, нұрға жанасудан, қозғалуға қорықпаудан, үйрену, ойнау, армандау мүмкіндіктерінен де айырылу деген сөз. Соқырлық – бұл бүкіл тіршілігіңді қараңғылыққа көметін түпсіз тыныштық. Бірақ, егер дер кезінде үлгерсеңіз – осы тыныштықты тоқтатуға болады.

Шеберлік дәрісі Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығында (Алматы қ.) шала туылған нәрестелер ретинопатиясының ауыр түрлерін емдеуге маманданған әлемге әйгілі үнді офтальмологиялық хирургы, доктор Нихил Палдың қатысуымен өтті. Төрт күн ішінде оның жетекшілігімен дәрігерлер бригадасы Қазақстанның 12 облысынан келген 14 балаға 20 ота жасады. Ең кішкентай науқастың жасы  небәрі – 2,5 айлық.

Шеберлік дәрісінің өзекті тақырыбы балалар офтальмологиясындағы ең күрделі де қорқынышты диагноздардың бірі: шала туғандардың ретинопатиясы (РН) болды. Дүниежүзінде көз торының осынау ауруы жаңа туған нәрестелерді соқырлыққа душар ететін негізгі себептерінің бірі. Қазақстанда жыл сайын 22 мыңнан астам шала туған нәресте дүниеге келсе, олардың 4 мыңға жуығы ретинопатия қаупімен бетпе бет келеді.  

«Соңғы жылдары ретинопатия Қазақстанда сәбилер соқырлығының нағыз індетіне айналды. Бұл күн сайын емес, сағаттап өршитін ауру. Егер кешіктірсеңіз, бала анасының жүзін ешқашан көрмей өтуі мүмкін», - дейді еліміздің жетекші балалар офтальмологы Әсел Шәріпова.

Соңғы 10 жылда осы мәселеде Қазақстанда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді: ерте диагностикалық хаттамалар енгізілді, 40-тан астам офтальмолог оқытылды, аймақтық бригадалар құрылды. Бірақ, осы уақытқа дейін ауыр, терминалды кезеңдерде балаларды емдету үшін шетелге баруға мәжбүр болды, өйткені елімізде ең күрделі витрэктомия  отасы жасалмайтын.

Тек соңғы екі жылда «Милосердие ерікті қоғамы» қоры 166 баланы көру қабілетін ең болмаса жартылай сақтап қалу үшін шетелдерге операция жасатуға жіберді. Өйткені, кейде тіпті – 10%-дың өзі де қараңғылық емес, бұл бағдар табу, оқу мен жауап ретінде жымию мүмкіндігі.

Ендігі жерде, шеберлік сабағының арқасында мұндай көмек Қазақстанда да қолжетімді болып отыр. Бұл тек технологиялық серпіліс қана емес, сонымен қатар ең кішкентай пациенттерге көмек көрсетудің жаңа дәуірі – олардың емделуі үшін шекара асуға тәуелділіктен арылу кезеңі.

Осынау ұмтылыстарда операциялар жасалған Балаларға жедел медициналық көмек көрсету орталығының операциялық бөлімшесінің жабдықтары ерекше рөл атқарды. AYALA қорының «Әлемді көремін» жобасын қолдаған Chevron компаниясының арқасында мұнда заманауи Constellation лазерлік хирургиялық жабдығы пайда болды, оған қоса бұл ерте витреоретинальды хирургия үшін де осындай күрделі отаны жүргізудің қажетті шарты болатын. Бір жағынан бұл нақты құтқару жүйелерін құруда әртүрлі Қорлардың бірлескен күш-жігері қалай көмектесетінінің жарқын үлгісі.

Шеберлік дәрісі аясында Астана, Шымкент және Алматы қалаларынан 10 отандық дәрігер біліктілігін арттырғаны маңызды екендігін атап өткен жөн.

Бұл ұзақ мерзімді келешекте тұрақты кәсіби базаны қалыптастыруға және ел ішінде жоғары технологиялық офтальмологиялық хирургияның мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді – осылайша мұндай көмек шетелге бармай-ақ, осы жерде, үйде де қолжетімді болып отыр.

Іс-шараны «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен «Милосердие ерікті қоғамы» қоры ұйымдастырды.

«Бұл оқиға – хирургия туралы емес. Бұл өмір бойы баламен бірге болатын жарық әлем туралы. Бұл анаңызды көру, оған алғаш рет күлімсіреу, аспанды, кітаптарды, адамдарды, әлемді көру мүмкіндігі», - дейді ұйымдастырушылар

Операциялардан бөлек, мамандар офтальмологиялық көмек жүйесін дамыту, қазақстандық дәрігерлерді оқыту мәселелерін, сондай-ақ балалар офтальмологиясы мен медициналық туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастық келешегін де талқылады.

Бүгін Қазақстан технологиялық тәуелсіздік тұрғысындағы ғана емес, елдегі әрбір баланың көзі көріп, балалық шағына, жарық әлемге жолдама беретін қадамын бастады.