Вакцина — балаңызды қорғаудың ең сенімді жолы

Вакцина — балаңызды қорғаудың ең сенімді жолы

Әр ата-ана үшін баласының денсаулығы – ең маңызды құндылық. Бала туған кезде оның иммунитеті дереу қалыптаспайды. Сол себепті сәбилерге түрлі аурулардан қорғау үшін вакцинация жасау қажет. Бұл туралы Алматы қаласы 7 қалалық клиникалық ауруханасының жанындағы емхананың сарапшы- дәрігері, педиатр Құралай Кеңесбек айтып берді. 

Вакцина деген не?

Вакцина – бұл баланың ағзасын қауіпті жұқпалы аурулардан қорғайтын арнайы екпе. Ол ағзаға әлсіз немесе өлтірілген вирус енгізу арқылы иммунитетті “үйретеді”. Нәтижесінде бала ауырмайды, немесе ауру жеңіл түрде өтеді.

Неліктен вакцина маңызды?

– Сіздің балаңыз үшін: Вакцина баланы туберкулез, көкжөтел, қызылша, сіреспе, полиомиелит сияқты ауыр дерттерден қорғайды.
– Қоғам үшін: Егер көп бала вакцина алса, қауіпті аурулар айналамызда таралмайды.
– Болашақ үшін: Кейбір аурулар өмір бойына асқыну қалдыруы мүмкін. Мысалы, полиомиелит — сал болып қалу қаупі бар.

Қалай дайындалу керек?

– Балаңызды екпеге апармас бұрын денсаулығын тексертіңіз. Дене қызуы, жөтел болса – уақытша кейінге қалдырылады.
– Вакцина салынатын күні бала аш болмауы керек.
– Екпеден кейін 2-3 күн балада әлсіздік, дене қызуы көтерілуі мүмкін — бұл қалыпты жағдай.

Ата-аналарға кеңес:

  1. Баланың екпе күнтізбесін бақылап отырыңыз.
    2. Дәрігерден қорықпай сұрақ қойыңыз — сіздің уайымыңыз орынды.
    3. Халық арасында айтылатын “вакцина зиян” деген сөздерге сене бермеңіз. Ғылыми дәлелденген ақпараттарға ғана сүйеніңіз.
    4. Егер балаңызда аллергия, немесе созылмалы ауру болса — бұл жайлы міндетті түрде дәрігерге хабарлаңыз.

Вакцина – бұл тек екпе емес, болашаққа жасалған қамқорлық. Сіздің балаңыз дені сау, қуанышты және еркін өмір сүруі үшін — екпе өте қажет. Балаңызды қорғай отырып, сіз бүкіл қоғамды қорғайсыз.