Құрғақ көз синдромы - көздің жасы жеткіліксіз болатын немесе жас қабаты тым тез буланып, құрғақтық, тітіркену және ыңғайсыздық тудыратын жағдай. Бұл жағдай өмір сапасын айтарлықтай төмендетіп, ұзақ мерзімді көру проблемаларына әкелуі мүмкін.
Алматы №36 қалалық емхананың офтальмолог дәрігері Күлнар Серімбетова құрғақ көз синдромының алдын алудың бірнеше тиімді жолын атады.
«Күн сайын жеткілікті су ішіңіз. Су дененің жалпы ылғалдану деңгейін, соның ішінде көзді ылғалдандыруда маңызды рөл атқарады. Жасанды көз жасын пайдаланыңыз. Жасанды көз жасын немесе ылғалдандыратын тамшыны үнемі пайдалану көзіңізді дұрыс ылғалдандыруға көмектеседі. Түтін, жел және құрғақ ауа сияқты тітіркендіргіштің әсерінен сақтаныңыз. Жел мен құрғақ ауа көз жасының буланып, көздің құрғауына әкелуі мүмкін. Үйде әдетте ауа құрғақ болған қыс мезгілінде ауа ылғалдауышты қолданыңыз», - деп бөліседі маман.
Дәрігер сонымен қатар компьютер экраны, смартфон және басқа да сандық құрылғы алдында уақытты бақылауды ұсынады, көзіңізге демалу үшін үнемі үзіліс жасап отырыңыз. Ашық ауада белсенді демалыс кезінде көзілдірік киіңіз, себебі ол жел әсерін азайтып, көзіңізді құрғақтанудан қорғауға көмектеседі. Жиі жыпылықтаңыз. Саналы және жиі жыпылықтау көздің жастық қабығын көздің бетіне біркелкі таратуға көмектеседі. Балық, зығыр және жаңғақта кездесетін омега-3 май қышқылына бай диетаны ұстаныңыз. Құрамында А, С және Е дәрумендері бар тағам да пайдалы.
Сөз соңында офтальмолог үнемі құрғақ көзді сезінсеңіз, маманға көрінуге кеңес береді.
Ол мәселенің себебін анықтап, тиісті ем ұсына алады. Кейде құрғақ көз медициналық көмекті қажет ететін басқа жағдайдың симптомы болуы мүмкін.
Көздің денсаулығына үнемі назар аудару ыңғайлықты сақтауға және құрғақ көзге байланысты жағымсыз белгілерді болдырмауға көмектесетінін есте сақтаңыз.