МЕЛАНОМАНЫҢ ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІ: АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕНІ БІЛУ КЕРЕК

МЕЛАНОМАНЫҢ ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІ: АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН НЕНІ БІЛУ КЕРЕК

Меланома – меланоциттерден, меланин пигментін шығаратын жасушалардан, дамитын қатерлі ісік.

Меланин терінің, шаштың және көздің түсіне жауап береді, сонымен қатар теріні ультракүлгін (УК) сәулеленуден қорғайды. Дегенмен, белгілі бір факторлардың әсерінен меланоциттер қатерлі ісік меланомаға айналуы мүмкін.

№36 қалалық емхананың онкологы Зарина Тойлыбаева қауіпті дерттің дамуына ықпал ететін негізгі себептерді атады:
1. УЛЬТРАКҮЛГІН СӘУЛЕЛЕНУ
Меланоманың дамуының ең қауіпті факторы - күн және жасанды (солярий) ультракүлгін сәулеленудің әсері. Күннің шамадан тыс түсуі және жиі күйіп қалу, әсіресе балалық шақта, меланома қаупін айтарлықтай арттырады. Ультракүлгін сәулелену тері жасушаларының ДНҚ-сын зақымдайды, бұл олардың қатерлі трансформациясына әкелуі мүмкін.
2. ГЕНЕТИКАЛЫҚ БЕЙІМДІЛІК
Меланома ауруының отбасы анамнезінде болуы оның даму ықтималдығын арттырады. Тұқым қуалайтын кейбір генетикалық мутация аурудың даму қаупін арттыруы мүмкін. Отбасында меланома ауруы бар адамдар терінің күйіне ерекше назар аударып, дерматологтың тұрақты тексеруінен өтіп тұруы керек.
3. ТЕРІ ТҮРІ
Терісі, шашы және көзі ашық түсті адамдарда меланоманың даму қаупі жоғары. Өйткені олардың терісінде ультракүлгін сәуледен қорғайтын меланин аз болады. Сондай-ақ, сепкілдері бар және күнге күйіп қалуға бейім адамдар тәуекелге көп ұшырайды.
4. МЕҢНІҢ КӨП БОЛУЫ
Қалыпты немесе атипті (диспластикалық) меңі көп адамдарда да меланоманың даму қаупі жоғары. Атипті меңдер ісік алды болуы мүмкін және қатерлі трансформацияға ұшыраудың жоғары әлеуетіне ие.
5. ИММУНДЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ӘЛСІРЕУІ
Иммундық жүйенің әлсіреуі, мысалы, ауруларға байланысты (мәселен, АИТВ/ЖИТС) немесе орган трансплантациясынан кейін иммуносупрессанттарды қабылдау, меланоманың даму қаупін арттыруы мүмкін. Иммундық жүйе қатерлі жасушаларды анықтау және жою кезінде маңызды рөл атқарады.
6. ЖАС ЖӘНЕ ЖЫНЫС
Меланома егде жастағы адамдарда жиі кездеседі, дегенмен соңғы онжылдықта жастар арасында сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Сондай-ақ, 50 жастан асқан ерлерде сол жастағы әйелдерге қарағанда меланоманың даму қаупі жоғары.
7. ТЕРІ АУРУЫНЫҢ БОЛУЫ
Актиникалық кератоз, базальды жасуша немесе жалпақ жасушалы терінің қатерлі ісігі бар адамдарда меланоманың даму қаупі жоғары. Бұл жағдай ультракүлгін сәулеленудің ұзақ әсер етуін және тері жасушаларында ДНҚ зақымдануының болуын көрсетуі мүмкін.
МЕЛАНОМАНЫҢ АЛДЫН АЛУ
Меланоманың дамуына ықпал ететін себептерді түсіну оның алдын алудың тиімді әдісіне мүмкіндік береді. Бұл аурудың қаупін азайтуға көмектесетін кейбір ұсыныстар:
1. Күннің әсерін шектеңіз, әсіресе күн белсенділігі ең жоғары уақытта (сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін).
2. Жоғары қорғаныс факторы бар күннен қорғайтын кремді пайдаланыңыз (SPF 30 немесе одан жоғары).
3. Қорғаныс киімін, бас киімді және күннен қорғайтын көзілдірікті киіңіз.
4. Солярийге бармаңыз.
5. Теріңізді үнемі тексеріп, қандай да бір өзгерісті байқасаңыз, дерматологқа көрініңіз.
6. Дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік және зиянды әдеттерден бас тарту арқылы сау иммундық жүйені сақтау.

Алдын алу шараларын сақтау және маманның жүйелі тексеруінен өту денсаулықты сақтауға және меланоманың даму қаупін азайтуға көмектеседі.