Қалқанша безі қатерлі ісігіне әйелдер жиі шалдығады – онколог

Қалқанша безі қатерлі ісігіне әйелдер жиі шалдығады – онколог

Зерттеулер көрсеткендей, әйелдер ер адамдарға қарағанда қалқанша безі қатерлі ісігіне  жиі шалдығады. Бұл туралы Алматы онкологиялық орталығының онколог дәрігері Гүлбану Нақысбек айтты.

Дәрігердің айтуынша, қалқанша безі қатерлі ісігі – эндокриндік қатерлі ісіктің ең көп тараған түрінің бірі.

«Ерлерге қарағанда әйелдердің қалқанша безі қатерлі ісігіне шалдығу қаупі жоғары. Бұл гормоналды өзгерістермен түсіндіріледі. Эстроген мен прогестерон сияқты әйел жыныстық гормондарының деңгейі қалқанша безінің өсуі мен жұмысына әсер етуі мүмкін», - Гүлбану Нақысбек.

Сонымен қатар, ол жүктілік, контрацептивтер және гормондық терапия сияқты гормоналды препараттарды қолдану қалқанша безі қатерлі ісігінің даму қаупін арттыруы мүмкін екенін жеткізді.

Қалқанша безінде түйін не ісіктің пайда болуы, мойынның ісінуі, жұтынудың қиындауы, дауыстың өзгеруі немесе қарлығу, мойын аймағындағы ауырсыну немесе жайсыздық, тәбет пен салмақтың жиі не әдеттен тыс өзгеруі қалқанша безі қатерлі ісігінің негізгі белгілері.

«Кейбір белгілер аурудың бастапқы кезеңінде байқалмайтынын ескеру маңызды. Сондықтан кез келген күдікті белгі пайда болғанда жүйелі тексеруден өтіп, дәрігерге көрінген дұрыс. Есіңізде болсын, ауруды ерте анықтау және адекватты емдеу сауығып кету және науқастың болжамын жақсарту мүмкіндігін айтарлықтай арттыруы мүмкін», - деп түйіндеді дәрігер.