Алматылық онколог несеп-жыныс мүшелері қатерлі ісігінің белгілері туралы айтып берді

Алматылық онколог несеп-жыныс мүшелері қатерлі ісігінің белгілері туралы айтып берді

Несеп-жыныс жолдарының қатерлі ісігі - бүйрек, қуық, несепағар және несеп-жыныс жүйесінің басқа органдарына әсер ететін ауыр ауру.

Алматы онкологиялық орталығының дәрігері Шыңғыс Сатымбаев бұл аурудың негізгі аспектілері, белгілері, себептері мен диагностикалық әдістері туралы айтып берді.

Маманның айтуынша, несеп-жыныс мүшелері қатерлі ісігінің белгілері аурудан зардап шеккен органға байланысты өзгеруі, бірақ зәрдегі қан, жиі зәр шығару, бел аймағында ауырсыну немесе ыңғайсыздық, зәр шығару кезінде ауырсыну, зәр шығару жолдарының инфекциялары сияқты белгілерді қамтуы мүмкін.
Несеп-жыныс жолдары қатерлі ісігінің себебі әр түрлі, атап айтқанда, генетикалық бейімділік, канцерогендердің әсері, темекі шегу, сәулесоққы, адам папилломавирусы (АПВ) және созылмалы цистит сияқты кейбір инфекциялар болуы мүмкін.

«Несеп-жыныс мүшелері ісігін диагностикалау әдетте науқасты жалпы тексеру мен оның ауру тарихын зерттеуден басталады. Диагнозды растау үшін ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография (КТ), магниттік-резонанстық томография (МРТ), цистоскопия және биопсия қолданылуы мүмкін», - деп бөліседі Шыңғыс Сатымбаев.

Емдеу ісікті хирургиялық алып тастау, химиотерапия, сәулелік терапия, иммунотерапия және дәрілік терапияны қамтуы мүмкін.
Кейбір жағдайда әр түрлі емдеудің комбинациясы қажет болуы мүмкін.

Қорытындылай келе, Шыңғыс Сатымбаев несеп-жыныс жүйесінің қатерлі ісігі диагностика мен емдеуге кешенді көзқарасты қажет ететін ауыр ауру екенін атап өтті.

«Ерте анықтау және адекватты емдеу науқастың сауығу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады және науқастың өмір сүру сапасын жақсартады, сондықтан қандай да бір күдікті белгілер пайда болса, дәрігерге көріну керек», - деп түйіндеді ол.