Қай қалада, қай ауданда, қай ауылда тұрса да адамдар отырғысы келмейтін бір көлік бар. Анда-санда жолай кездесіп қалғанда, барлық адам «бұл көлікті шақыртатын күйге түспейік» деп тілек тілейтіні де рас. Тұрғыны аз, шағын елді мекендердегідей емес, үлкен қаладағы мың сан көліктің арасымен адам жанына араша болатын маманды жылдам жеткізуді көздейтін бұл көлікті тізгіндеу оңай емес. Бір минут кешіксең адам өміріне қауіп төнуі бек мүмкін. Бұлың-бұлыңы көп, иір-қиыры сансыз, бір көшесі даңғыл болғанмен бір көшесі жалғыз аяқ жолдай жіңішке Алматыда мұндай көліктің рөлінде отырған жүргізушілерді нағыз еңбек адамы деуге болады.
Бүгінгінің еңбек адамымен тілдеспекке біз Алматы қаласындағы «Медициналық жедел жәрдем қызметінің» №12 қосалқы станциясына ат басын тіредік. Қосалқы станция 2019 жылдың 1 қарашасында ашылыпты. Оған тәулігіне 300-ге жуық шақырту түседі екен. Шақырту санаты 4 түрге бөлінеді. Бірінші санат сырқаттың ауыр екенін білдіреді. Оған 10 минут ішінде жету керек. Ол үшін көлік 1 минутта станциядан шығып үлгеруі тиіс. Екінші санат 15 минутқа дейін, үшінші санат 30, төртіншісі аса ауыр емес, өмірге қауіп төндірмейтін шақырту болғандықтан оған 60 минут беріледі. Бір тәулікте шақыртуға баруы тиіс 17 көлік болса, оның үшеуі арнайы мамандармен барады, қалған 14-і фельдшерлік бригада. Демек, бір тәулікте 17 жүргізуші кез келген уақытта көлік тізгініне отырып кетуге сақадай-сай болуы керек. Бір жүргізуші бір ауысымда 25-28 шақыртуға барады екен.
Алатау ауданының көп бөлігін қамтитын станцияға түс әлетінде жеткенде бір шақырту мен келесі шақыртудың арасында бір сәт дамылдап отырған Малаев Мұрат Қосдәулетұлына жолықтық.
Жігіт ағасы дейтін жастағы жүргізуші «Әр жұмыстың өзіне тән қиындығы болады ғой, мойынға алған соң істеу керек. Оңай дүние жоқ. Бір кезекте 24 сағат жүреміз, жұмыс тобымен бір тәулікте неше түрлі науқасқа барамыз. Кейде 1 минуттың өзі науқастың жанын алып қалуы мүмкін» – деп әңгіме бастады.
Бірінші санаттағы, яғни сырқатқа 10 минутта жетуге тиіс көлікті жүргізетін Мұрат мырза науқасқа асыққанда жол-көлік оқиғасына түсіп қалатын жағдайлар болатынын да айтты. Ол кісі жедел жәрдем жүргізушілеріне қойылатын талап бойынша оқып, парамедик біліктілігін алған. Ол фельдшерлер мен дәрігерлер үлгермей жатқанда көмектесу үшін қажет. Жүргізушілер бұл дағдыны жыл сайын меңгереді екен.
– Жұмыс оңай деп айта алмаймын. Бірақ жұмысқа кірген соң шыдау керек. Шыдамды болсаң, бірте-бірте үйренесің. Ұжымдағы адамдарға да көп нәрсе байланысты. Ондағы адамдар өзара тату болса, бірінің білмегенін бірі айтып отырса, үлкені кішіге жол көрсетсе кез келген жұмыс алға басады деп санаймын. Біздің жұмыстың ерекшелігі мұндағы әр қызметкер өз міндетінің ар жағында адам өмірі тұрғанын жақсы түсінеді. Мен соның бірімін.
Мұрат Қосдәулетұлының айтуынша, бір машина тәулігіне 300-350 шақырым жол жүреді екен. Мұны баяғы жыр-дастандарда айтылатын «еңку-еңку жер шалған» нағыз ерлердің ісі дерсіз!
– Шақыртудың аты – шақырту! Маманды апару біздің міндет. Ол өлім аузында жатыр ма, көлік апатына түсті ме, аяқ асты құлап қалды ма, еш айырмашылығы жоқ. Кейде мас күйінде көшеде жатқан адамды көргендер де шақырады, кейде ерігіп, қызық көріп 103 нөмірін теретіндер де болады.
– Сіздің кезегіңізде дәрігерге қол жұмсаған, дөрекілік көрсеткен тосын жайттар көп болды ма?
– Неше түрлі жағдай болады ғой. Оны айта берудің қажеті шамалы.
– Ондай жағдайға тап болған кезде басқа жұмысқа ауысып кеткіңіз келмей ме?
– Ең алғаш жұмысқа кіргенде ондай ой болды, несін жасырайын, бірақ намысқа тырысып, жігерімді жанып жүріп, үйреніп кеттім. Бағана айтқанымдай жұмыстың оңайы жоқ. Ең бастысы ер азамат нәсібін адал жолмен тапса, берекелі болады деп ойлаймын. Ал біздің жұмыс адам өміріне қатысты болғасын жауапкершілігі аса зор. Қиындықты жеңудің алғы шартының бірі табандылық қой. Табандылық түбі – тәжірибе! Әр адам өз ісін жақсы білсе, қоғам дамиды деп санаймын.
– Тұрғындардың жедел жәрдем көлігіне жол беру мәдениеті қандай?
– Алатау ауданын қамтитын болғасын басқа аудандар туралы айта алмаймын, біздегі тұрғындар бірте-бірте үйреніп келеді. Бұрынғыдай емес, жол береді. Сөйте тұра, көлік тым көп болғасын межелі уақытта жете алмай қалатын кез болады. Кейде тіпті, жол берген күннің өзінде көшенің тарлығы кедергі.
– 10 минутта науқасқа жететін көлікті қай жүргізуші айдайтынын кім шешеді?
– Оны станцияның бригадирі жүргізушінің тәжірибесін ескеріп шешеді. Жұмысқа кеше келген адам бірден арнайы көлікке отыра алмайды.
– Жедел жәрдемге жүргізуші болмай тұрғандағы Мұрат Қосдәулетұлы мен қазіргі Мұраттың ойында қандай өзгеріс бар?
– Өзгеріс болады ғой, әрине. Жедел жәрдемде жұмыс істеп көрмеген адам бұл көліктің маңызын анық түсінбейді. Өзім осы жеті жыл ішінде соны анық түсіндім. Қазір жора-жолдастарға, туған-туыстарға үнемі жедел жәрдемге жол беріңдер деп айтып жүретін болдым.
Әр шақыртудың ар жағында қилы тағдыр бар. Өзге кәсіп иелерінен гөрі жедел жәрдем қызметіндегілер сол қилы тағдырдың еріксіз куәгері. Біздің кейіпкеріміз де жеті жыл ішінде жедел жәрдемді шақыруын шақырып, дәрігерлерге пышақ ала жүгіргендер мен қол жұмсамақ болып ұмтылғандарды бірнеше рет кездестіріпті. Осы ретте тұрғындар ескеретін бір жайт, психикалық ауытқуы бар науқастарға арналған жедел жәрдем бөлек болады екен. Бұған қоса, жұмыс тобына қауіп төнген жағдайларда барлық жедел жәрдем көлігінде болатын «Гиппократ» тетігін басу шарт. Ол басылған кезде жақын маңдағы жедел жәрдем тобының барлығы тетік басылған мекенге жетуі тиіс.
– Тәжірибелі жүргізуші ретінде кейін келген жігіттерге қандай кеңес айтасыз?
– Ең алдымен ұстамды, өзіне сенімді болған жөн. Жедел жәрдемде жүргізуші болу үшін адамға күш қайрат, мықты жүйке, табандылық керек. Қазір ондай жастар жоқ емес, бар. Денсаулық болса жастар алда көп тәжірибе жинайды деп сенемін.
***
Мұрат Қосдәулетұлы – Желтоқсан қозғалысының мүшесі. Алаңға барғаны үшін сол кездегі Мал дәрігерлік институттан шығарылып, арада 5 жыл өткенде ақталып, еңбекке араласыпты. Адал еңбекпен нан тауып, бала-шағасын өсіріп-жетілдірген. Табанды адамның тиянақты ісі жедел жәрдем қызметінде жалғасып жатыр.
Жедел жәрдем жүргізушісінің жұмыс барысын екі кезеңге бөлуге болатындай. Біріншісі, шақырылған мекен-жайға жету, екіншісі, науқасты ауруханаға жеткізу керек болса, неғұрлым тез әрі жайлы жеткізу.
Бұл туралы қосалқы станция диспетчері Данагүл Тұрлықожа айтып берді.
– Жедел жәрдем жүргізушісінің жауапты кезеңінің бірі – ауыр науқасты ауруханаға жеткізу дер едім. Себебі, кей науқастарды қатты селкілдетпей апару керек болса, енді бірін жансақтау бөліміне шұғыл жеткізу қажет. Мұндайда жүргізушілерге тәжірибемен қоса асқан еп керек. Науқасты шайқамай, жол-көлік оқиғасына себеп болмай апару қиынның қиыны. Ол үшін жігіттердің денсаулығы да жақсы болғаны абзал.
Тәртіп бойынша әр жүргізуші жұмысқа кіріспес бұрын алкотест тапсырып, қан қысымы тексеріледі. 24 сағаттық ауыр жұмысты ойдағыдай атқару үшін жүргізушінің жағдайы жақсы болуы қажет. Алматыда көлік көп болғасын әсіресе 10 минутта жетуі тиіс болғанда жүргізушінің өміріне сәт сайын қауіп төнуі мүмкін. Әсіресе, көшеде көлік саны көбейген уақытта өте қиын. Сырқатқа тез жету үшін яки ауруханаға апару үшін оларға дабыл дыбысы (сирена) мен дабыл шамын (мигалка) қосып, жол ережесін бұзуға тура келеді. Бұл жүргізуші үшін қосымша қауіп. Ал жол ережесін мәжбүрлі бұзған жайттар Жол полициясы басқармасымен келісілген тәртіп негізінде жіті қарастырылып, арнайы көліктің мүмкіндіктеріне қарай тиісті шешім шығарылады.
Айта кетейік: №12 қосалқы станция Алатау ауданын жедел жәрдем қызметімен қамтамасыз етеді. Мұнда 248 адам жұмыс істейді, оның 18-і дәрігер, 76-сы жүргізуші, 146-сы фельдшер, медсестра және аула сыпырушылар. Тәулік бойы жұмыс істейтін станцияда 4 ауысым жұмыс істейді. Диспетчерлер күндізгі және түнгі кезекте, жанармай құю бөлімі тәулік бойы жұмыс істейді. Алатау ауданында 280 000-ға жуық адам болса, станция оның 215 000-ын қамтиды.