Қант диабетіне әкелетін тамақтану әдеттері

Қант диабетіне әкелетін тамақтану әдеттері
 

Қант диабеті - инсулиннің жетіспеушілігінен немесе оның тиімділігінің жеткіліксіздігінен қандағы қант деңгейі жоғарылайтын ауру.

№36 қалалық емхананың эндокринологы Айнұр Жолдинаның айтуынша, қант диабеті дамуының негізгі қауіп факторларының бірі дұрыс тамақтанбау болып табылады.
"Қантты және көмірсутекті тағамды шамадан тыс тұтыну қандағы қант деңгейінің жоғарылауына әкелуі мүмкін. Бұл көмірсу глюкозаға тез ыдырайтындықтан болады, ол қанға түсіп, қант деңгейін жоғарылатады. Сонымен қатар, ақ нан, картоп, тәттілер сияқты гликемиялық индексі жоғары тағам қандағы қанттың күрт өсуіне әкелуі мүмкін", - дейді сарапшы.
Қант диабетінің алдын алу үшін көкөніс, жеміс, дәнді дақылдар сияқты гликемиялық индексі төмен тағамды жеу, көмірсу мен майлардың тұтынылуын бақылау, спортпен шұғылдану және қалыпты салмақты сақтау ұсынылады.
Фастфуд, жартылай фабрикат, шұжық, яғни өңделген етті пайдалану қант диабетін тудыруы мүмкін.
Одан кейін ақуызы жоғары тағам - ет, балық, жұмыртқа, сүт және сүт өнімдері, сондай-ақ майлы тағамдар.
Маманның айтуынша, ақ күрішті күн сайын немесе аптасына 4-5 рет тұтыну II типті қант диабетіне әкелуі мүмкін. Бұл өнімде талшық өте аз және глюкозаның көп мөлшері адамның қанына тез енеді.
Ұннан жасалған тағам да қанттың өсуіне әкеледі. Ақ нан қандағы қантты күрт арттырады және оны шамадан тыс тұтыну қант диабетінің дамуына әкелуі мүмкін. Себебі, мұндай нан тазартылған ұннан пісіріледі. Әдетте, мұндай тағам тез қорытылады. Осылайша, денеге макарон және басқа да ұн өнімдері әсер етеді. Денсаулыққа зиян келтіру қаупін азайту үшін дәрігер дәнді дақылдарға артықшылық беруді ұсынады.
Сондай-ақ, тәттіні және басқа да қантты тағамды, әсіресе қантты газдалған сусынды шамадан тыс тұтынудан аулақ болу керек.

Жалпы, дұрыс тамақтану және салауатты өмір салты қант диабетінің алдын алудың және жалпы денсаулықты сақтаудың негізгі факторы болып табылады.