«Мемлекеттік тілде медициналық құжаттама жүргізу мәселелері» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті

«Мемлекеттік тілде медициналық құжаттама жүргізу мәселелері» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және ономастика орталығы және Мәдениет басқармасының қолдауымен «Мемлекеттік тілде медициналық құжаттама жүргізу мәселелері» атты республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Конференцияның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді бірлесе талқылау, тіл саясатының болашақтағы тиімді тәсілдері мен іс-шаралар жүйесін белгілеу.

Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны денсаулық сақтау жүйесінде бекіту аясында ұйымдастырылған конференцияға Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және ономастика орталығының қызметкерлері, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, тіл мамандары, тіл жанашырлары; тілтанушы ғалымдар; зиялы қауым; мемлекеттік және мемлекеттік емес орган өкілдері қатысты.

Конференцияны Алматы қаласы әкімі аппаратының Әдеп жөніндегі уәкілі Мамай Ахетов пен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Алмат Қодасбаев ашты.

- Медицина саласында қолданылатын көптеген термин сөздерді қазақшаға аудару немесе олардың қазақ тіліндегі баламасын табу қиын. Сондықтан болар орыс тілінен енген күнделікті айтып жүрген үйреншікті сөздер қолданылады. Бүгінгі республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияны ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты медицина саласындағы ана тіліміздің өрісін кеңейту және оны пайдалану барысында туатын кедергілерді жою. Мектепте қазақша оқып, медицина саласында ЖОО-да қазақ тілінде білім алушылар үшін топтарды көбейтіп, қазақ тілінде дәріс оқып, қазақ тілінде таза сөйлейтін дәрігерлерді дайындап шығаруды қолға алу керек. Медицина саласындағы қазақ тілінің мәртебесін көтере отырып, денсаулық сақтау саласында медициналық құжаттама жүргізу мәселелерін қарастырып дұрыс бағдар беруіміз қажет, - деп баса айтты өз сөзінде Алмат Қодасбаев.

Конференцияның негізгі баяндамашылары - ҚР ДСМ Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алдангорова, Алматы қаласы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Мұхтархан Абаған, ҚР ДСМ Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының сарапшы маманы Әлия Қанапиянова, ҚР ДСМ «Алатау» балалар клиникалық шипажайның сарапшы маманы Гүлжанат Өтебердиева, Алматы қаласы №29 қалалық емхананың бас дәрігері Ақмира Садықова, Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет болды.

Баяндамашылардың айтуынша да медицинаны жіті зерттеп, түсінікті, тілге жатық сөздерді бекіту маңызды. Мұнда терминологиялық базаны қалыптастырудың мәні зор.

- Әр тілдің өз иммунитеті бар. Медицина саласына енген шетел сөздерін қазақ тілінің иммунитетін қолдана отырып, бейімдеуіміз керек. Бұл жағдай конференцияның жиі өткізілуін қажет етеді, - деп атап өтті өз баяндамасында №29 қалалық емхананың бас дәрігері Ақмира Садықова.

- Іс жүргізу кадрдан басталады. Бүгінгі бірлескен іс-шара да осы медициналық құжаттаманы мемлекеттік тілде жүргізуге арналған. Соның ішінде медициналық ақпараттық жүйелердегі медициналық нысандар сөз етілді. Бұл №175 бұйырыққа сай жүргізіледі. Оның мемлекеттік тілде әзірленуін барлық маманға таныстырамыз, - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының басшысы Айжан Алдоңғарова.