«Қазір маған есепке тұру үшін мен жүргізген әйелдердің балалары мен немерелері келеді. Иә, үшінші ұрпақта – әжесі, анасы, немерелері. Мен өз жұмысымды өте жақсы көремін», – дейді Татьяна Айдынқызы.
38 жылдық медициналық тәжірибеде пациенттердің тұтас бір буыны өзгерді, дәрігер мыңдаған баланың дүниеге келуіне көмектесті. Татьяна Тагиева емхана құрылғаннан бері осында еңбек етіп келеді.
«1984 жылы медицина институтын бітіріп, әйелдер консультациясында еңбек ете бастадым. Неліктен акушерлік? Өйткені сәбидің дүниеге келуі үлкен бақыт, әрине, анамен бірге қиын жолды бірге өткеретін жағдайлар да болады. Бірақ одан кейін қашанда қуаныш болады. Акушерлік – бұл болжауға болмайтын ғылым, бүгінде бәрі тамаша, ұрықтың жүрек соғысы, бәрі жақсы, перзентханада да бәрі жақсы бола тұра, бір мезетте бәрі өзгеріп, операцияға жүгіресіз. Қайталап айтамын: акушерлік – болжау мүмкін емес ғылым. Баланың дүниеге келгенін көргенде, босанғаннан кейін аналар сәбилерін ертіп маған келген кездегі қуанышты сәттер маған жігер береді.
Айтпақшы, сәбилер маған жақын адамындай қарайды, өйткені жүктілік кезінде науқаспен сөйлескенде дауысымды естиді, кейін аналар сәбиімен бірге келгенде олар мені танитын сияқты», - дейді Татьяна Айдынқызы.