Балалар үшін аса қауіпті аурудың белгілерін алматылық педиатр айтты

Балалар үшін аса қауіпті аурудың белгілерін алматылық педиатр айтты

Алматы қаласы №4 ҚЕ 2 педиатрия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты педиатр дәрігер Минура Иманбаева аса қауіпті ауру - қызылшаның алғашқы белгілері туралы айтты.

Оның айтуынша, бұл мойында, құлақ артында, содан кейін дененің басқа бөліктерінде пйда болатын спецификалық бөртпе. Педиатр дәрігер атап көрсеткендей, қызылша - тез таралатын қауіпті вирусты инфекциялық ауру. Көптеген адамдарда иммунитет жоқ ортада бір науқас 12-18 адамға жұқтыруы мүмкін. Екпе алмаған адамдардың вирусты қабылдауға бейімділігі аса жоғары, 100%. Қызылша ауа-тамшы жолы арқылы беріледі. Науқаста аурудың белгісі болып саналатын бөртпе пайда болғанға дейін ауру жұғуы мүмкін.

Минура Иманбаеваның айтуынша, ауру жұқтырған соң аурудың жасырын кезеңі 8 күннен 3 аптаға дейін созылады. Негізінен вирус мұрын, ішек және асқазанның шырышты қабатын, жүйке клеткаларын зақымдайды. "Қызылшаның алғашқы белгісі әлсіздік, сырқаттылық болып табылады. Баланың дене қызуы көтеріліп, ЖРА (жедел респираторлық ауру - ред.ескертуі) белгілері пайда болады, аурудың 4-5 күндері жағдайы нашарлайды, жөтел күшейеді, мұрын бітуі, конъюнктивит, спецификалық бөртпе пайда болады. Терідегі бозғылт-қызыл бөртпе біртіндеп ашық қызыл түске айналады. Бөртпе мойында, құлақ артында, содан кейін бетте, кеудеде, іште, арқасында пайда болады, үшінші күні аяқ-қолына шығады. Біртіндеп бөртпе қоңырланады, пигментация 1-3 аптаға дейін тұрады. Жалпы жағдайы жақсарады, дене қызуы түсіп, жөтел, мұрын бітуі басылады",- деп түсіндірді дәрігер.

Қызылша вирусы иммунитетті біршама төмендетеді, сондықтан асқынулар болуы мүмкін, оның ішінде пневмония, бронхит, отит, есту жүйкесінің невриті. Кейбір адамдарда қызылша пневмония мен мидың ісігін тудырады, бұл ми бұзылысына немесе есту қабілетінің жоғалуына әкелуі мүмкін. "Қызылшаның арнайы емі жоқ, тек оның симптомдарын жеңілдете аласыз. Ауру белгілерін жою үшін ыстық түсіретін, аллергияға қарсы дәрілер тағайындайды. Асқынулар болған кезде - антибиотиктер. Балаға төсектік режим қажет",- деп қосты Минура Иманбаевна.

Сонымен қатар, дәрігер бөлмені жиі желдетуге, балаға жайлы көлеңке болу үшін (конъюнктивит кезінде жарықтан сақтау) терезені пердемен жабуға кеңес береді. Бұдан басқа, науқасқа жиі сусын ішкізіп, сұйық және жартылай сұйық тағамдармен тамақтандыру керек.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікірінше, екпеден бас тарту адамзатқа аса қауіпті он қатердің бірі болып табылады. Қызылшаға қарсы дәрі-дәрмек жоқ, бірақ вакцина бар, ол аурудан сақтайды және міндетті егу күнтізбесіне кіреді",- деп атап көрсетті педитар дәрігер.