Алматы қаласы Наурызбай ауданында екі амбулаториялық хирургия орталығы ашылды

Алматы қаласы Наурызбай ауданында екі амбулаториялық хирургия орталығы ашылды


№26 және №36 қалалық емханаларда заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған екі амбулаториялық хирургия орталығы ашылды.

Мұнда келесі аурулар бойынша амбулаториялық оталар жасалады: тері және жұмсақ тіндердің іріңді-қабыну аурулары, қолдың іріңді-қабыну аурулары, тері және жұмсақ тіндердің қатерсіз ісіктері, терінің майлы тіндерінің қатерсіз ісіктері және бас, мойынның тері астындағы тіндері, тік ішек аурулары (геморрой, анальды жарықтар, жедел парапроктит, полиптер), фуникулоцеле, фимоз, аяқ және қол саусақтарының флегмонасы, тері абсцесі, фурункул, 1-күрделілік дәрежесіндегі тік ішек тері асты-шырышты қабықша жыланкөзін кесу, анальді полиптерді алып тастау, асқынбаған созылмалы анальды жарықшақты кесу (сфинктеропластикасыз).

«Жоғарыда аталған манипуляциялардың барлығын орындау үшін науқас бір күн бұрын амбулаториялық тексеруден өтуі керек және барлық талдаулардың нәтижелерін алғаннан кейін ғана оған хирургиялық көмек көрсетіледі. Отадан кейінгі кезеңде науқас бірнеше сағат бойы ота жасаған хирургтың бақылауында болады. Жағдайы қанағаттанарлық болған жағдайда науқас үйіне жіберіліп, таңу үшін емханаға келіп тұрады», - дейді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-алдын алу бөлімінің бас маманы Дәулет Асанов.

Амбулаторлық хирургия орталықтары емханалардағы хирургиялық көмектің жаңа деңгейі болып табылады.

«Көптеген отаны амбулаториялық негізде бір күнде жасауға болады, олар ұзақ қалпына келтіру кезеңін қажет етпейді. Осылайша, бұл тәжірибені енгізу арқылы қаламыздың ауруханаларындағы жағдайды «жеңілдету» мүмкін болады. Қазір Наурызбай ауданында №36 қалалық емханада және №26 қалалық емханада екі амбулаторлық хирургия орталығы жұмыс істейді», - деп атап өтті Дәулет Асанов.

Айта кетейік, қазіргі уақытта қалада мемлекеттік емханаларда 8 амбулаториялық хирургия орталығы жұмыс істейді. Жақын арада тағы екеуі – №14 және №3 емханаларда ашылады деп жоспарланған.