Мектептерде стоматология кабинеттерін қайта ашу керек – Қуанышбек Мырзабеков

Мектептерде стоматология кабинеттерін қайта ашу керек – Қуанышбек Мырзабеков

9 ақпан – Халықаралық стоматологтар күні. Осыған орай ҚазАқпарат тілшісі тіс ауруы, оны емдеу жолдары туралы №5 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі, тіс дәрігері Қуанышбек Мырзабековті сұхбатқа тартқан еді.

  • Қуанышбек Молдашбекұлы, адамдарда жиі кездесетін тіс аурулары жайында айтсаңыз. Оларды қалай емдейсіздер?
  • - Көбінесе адамдарда тісжегі (кариес) ауруы жиі кездеседі. Бұл ауру адам ауызындағы бүкіл инфекцияның көзі болып табылады. Егер оны уақытында емдемесе, ол ары қарай іріңдеп, сүйекке жетуі мүмкін. Сондай-ақ, адам тісін күтпесе, онда тіс өңезі пайда болады. Тісжегілерді дәстүрлі түрде пломбалармен емдейміз. Жалпы, тісіміздің сау болуы үшін жейтін асымызға назар аударуымыз керек. Бұл үлкен рөл ойнайды. Әсіресе, ішер асымыздың құрамында орта фосфорлы қышқыл болмау керек. Себебі, ол адам ағзасында кальцийді азайтады. Ал орта фосфорлы қышқылдар бүгінде газдалған сусындарда көп кездеседі. Екіншіден, тісімізді тіс щеткасымен дұрыс тазалау керек. Адамдар тісті көбінесе көлденең бағытта тазалайды. Ол дұрыс емес. Себебі, олай жасағанда тамақ қалдығы тіс арасында қалып қояды. Дұрысы тісті тіс щеткасымен қызыл иектен тіс ұшына дейін тік бағытта тазалау керек. Сондай-ақ, әрбір тамақтанудан кейін тазалайды. Тіс жібімен де тіс арасын тазалап тұрған жөн. Тамақтанған соң, ауызды шаю қажет. Оны ата-бабаларымыз жақсы білген.
  • – Тіс күтіміне байланысты түрлі аңыздар бар. Мысалы, тісті қайта-қайта тазалау эмальді бұза ма?
  • - Жоқ. Ол аңыздың негізі жоқ. Негізі тіс тазалығы үшін тым қатты немесе тым жұмсақ щетка қолданбау керек. Қаттылығы орташа щеткамен тісті тазалау керек. Сондай-ақ, жылына бірнеше рет профилактика ретінде стоматологияға келіп қаралу керек. Себебі, тіс өңездері жай тіс щеткасымен алынбайды. Сол кезде кәсіби стоматологияның көмегімен оны тазалауға болады.
  • – Практикаңызда тіс ауруынан науқастың қайтыс болу жағдайы кездесті ма?
  • - Ондай жағдайлар туралы студент кезімде кітаптардан оқығанмын. Дегенмен, егер де адамда тісжегі асқынып кетсе, онда ол іріңге, кейін инфекция көзіне айналады. Ал ол ары қарай дамып, ірің адам мойнына жайылып кетуі немесе миға кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан тіс дәрігеріне уақытылы қаралып тұру керек. Ал өз тәжірибемде тіс ауруынан адамның қайтыс болу жағдайы кездескен жоқ.
  • - Күнделікті жұмыста қандай аспап, құрал-жабдықты жиі қолданасыздар?
  • - Көбінесе стоматологияға арналған арнайы микроскопты көп қолданамыз. Ол әрбір стоматолог үшін таптырмас құрал. Себебі, ол арқылы тістің үлкейтілген, сапасы жақсы суретін алуға болады. Сол арқылы диагностиканы жақсы жасаймыз. Ең күрделі манипуляцияларды орындаймыз.
  • – Қазақстандағы стоматология саласының дамуын қалай бағалар едіңіз?
  • - Меніңше еліміз әлемнің даму көшінен қалмай, қатар дамып келеді. Біздің дәрігерлер де шетелге шығып, білімдерін жетілдіруде. Дегенмен, бір тілегім бар. Кеңес одағы кезінде әрбір мектепте стоматология кабинеті болатын. Сондайды елімізде қайта жасаса. Себебі, кейбір отбасыларда балаларын қымбат стоматологияға апаруға мүмкіндік болмайды. Ал мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашылса, балалар тегін емделер еді. Жалпы, әлем бойынша стоматология саласы АҚШ, Германия, Израиль, Оңтүстік Корея елдерінде жақсы дамыған деп айтар едім.
  • - Сұхбатыңызға рахмет!

Автор: Думан Арғынгелді