Алматыда медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр

Алматыда медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов екі медициналық нысанға барып, ондағы құрылыс жұмысының барысымен танысты.

Әуезов ауданындағы №16 қалалық емхананы сейсмикалық тұрғыдан күшейту, қалпына келтіру және күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Жоба аясында ғимараттың құрылымдық элементтері күшейтіліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар үй-жайлар мен инженерлік желілер жаңартылады. Ғимараттың жалпы аумағы 5,6 мың шаршы метрден асады.
Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданында, Қорымдық көшесі, 1А мекенжайында №28 қалалық емханаға қарасты дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін амбулаторияда учаскелік дәрігерлердің кабинеті, емшара кабинеті, флюорография, ультрадыбыстық зерттеу кабинеті, қан алу кабинеті және әйелдер консультациясы жұмыс істейді. Амбулатория бір ауысымда 40 келушіге қызмет көрсетуге есептелген.
Сапар барысында Марат Пашимов мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, жұмысты аяқтау мерзімін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мердігерлерге нысандардағы жұмысты жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Жаңартылған нысандар пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ аудан тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімдігін арттыруға мүмкіндік береді.