Алматыда кезекті тоқсан сайынғы Гастроэнтерологтар мектебі өтті

Алматыда кезекті тоқсан сайынғы Гастроэнтерологтар мектебі өтті

2026 жылғы 1 қазанда Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «№5 Қалалық емхана» КМК базасында кезекті тоқсан сайынғы Гастроэнтерологтар мектебі өтті.

Семинар тақырыбы: «H. pylori эрадикациясы кезіндегі жиі кездесетін қателіктер: клиникалық аспектілер және олардың алдын алу жолдары».

Іс-шараға Алматы қаласының медициналық ұйымдарының амбулаториялық-емханалық қызметінде жұмыс істейтін гастроэнтеролог дәрігерлер, терапевтер және жалпы практика дәрігерлері қатысты.

Кездесу барысында Helicobacter pylori инфекциясын диагностикалау мәселелері, эрадикациялық терапияны жүргізудің заманауи тәсілдері, клиникалық тәжірибеде жиі кездесетін қателіктер және емдеу тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.

Пациенттерді жүргізудің практикалық аспектілеріне және заманауи клиникалық ұсынымдарды ескере отырып, эрадикациялық терапия сызбаларын таңдауға ерекше назар аударылды.

Іс-шара ШЖҚ «№5 Қалалық емхана» КМК Гастроэнтерология және гепатология бойынша құзыреттілік орталығының дәрігерлерімен бірлесіп, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гепатологы, Құзыреттілік орталығының меңгерушісі Айжан Қуандыққызы Мұратбекованың ұйымдастыруымен өткізілді.

Гастроэнтерологтар мектебін өткізу медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, сондай-ақ асқазан-ішек жолы ауруларын диагностикалау және емдеу саласында практикалық тәжірибе алмасуға бағытталған.