Алматыда тәуекел тобына жататын жүкті әйелдерге арналған орталық ашылды

Алматыда тәуекел тобына жататын жүкті әйелдерге арналған орталық ашылды

Алматыда Қалалық перинаталдық орталық базасында тәуекел тобына жататын жүкті әйелдерге арналған клиникалық-диагностикалық орталық жұмысын бастады. Жүктілігі асқынған, қосымша аурулары бар және акушерлік асқынулар қаупі жоғары әйелдер мұнда қажетті тексерулерден өтіп, амбулаториялық жағдайда мамандардан консультациялар ала алады.

Клиникалық-диагностикалық орталыққа жолдаманы жүкті әйелдің тіркелген емханасы береді. Медициналық көмек МӘМС аясында тегін көрсетіледі.

Орталықтың ашылуына Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты.

«Орталықтың ашылуы тәуекел тобына жататын жүкті әйелдерге мамандандырылған медициналық көмекті амбулаториялық кезеңнің өзінде қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Ықтимал асқынуларды дер кезінде анықтау, болашақ ана мен баланың жағдайын бақылау және қажет болған жағдайда жедел шешім қабылдау маңызды. Бұл жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру жолындағы тағы бір қадам», — деп атап өтті Марат Пашимов.

Қалалық перинаталдық орталық — Алматыдағы үшінші деңгейдегі акушерлік көмек көрсететін ең ірі медициналық ұйым. Мұнда жыл сайын шамамен 9–10 мыңдай әйел босанып, жүктілігі асқынған әйелдерге медициналық көмек көрсетіледі және дене салмағы өте төмен шала туған нәрестелерге күтім жасалады.

Жаңа орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде МРТ, сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараттары, кольпоскопия және КТГ аппараттары бар. Сонымен қатар зертханалық қызмет жұмыс істейді. Алматы қаласы әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен биыл компьютерлік томограф орнату жоспарлануда.

Қабылдауды акушер-гинекологтар, генетик, терапевт, офтальмолог және невролог жүргізеді. Бұл болашақ аналарға қажетті консультацияларды алып, барлық қажетті тексерулерден бір жерде өтуге мүмкіндік береді.

Орталықтың жұмысы тәуекел тобына жататын жүкті әйелдерді бақылауды күшейтуге, ықтимал асқынуларды дер кезінде анықтауға және амбулаториялық кезеңнің өзінде қажетті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жаңа орталық Алматыдағы тәуекел тобына жататын жүкті әйелдерге арналған екінші клиникалық-диагностикалық орталық болды. Бұған дейін осындай алғашқы орталық Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының базасында ашылған.