Көптеген аурулар бастапқы кезеңінде ешқандай белгілерсіз өтеді. Скрининг ауруды алғашқы белгілері пайда болғанға дейін ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Скринингтен өтудің ерекшеліктері туралы Алматы қаласындағы «Құлагер» алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығының дәрігері Дариға Оңалбекова айтып берді.
Кімдер тексеруден өтуі керек?
40 жастан 76 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін және глаукоманы ерте анықтау мақсатында тексеруден өтеді.
40-тан 76 жасқа дейінгі әйелдер сүт безі обырын анықтауға арналған скринингтен, ал 30-дан 74 жасқа дейінгі әйелдер жатыр мойны обырына скринингтен өтеді.
50-ден 76 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер колоректалды обырды анықтауға арналған скринингтен өте алады. 50–76 жастағы ер адамдар ми қан айналымы бұзылыстарын ерте анықтау мақсатында тексеруден өте алады.
В және С гепатиттеріне кімдер тексеріледі?
В және С вирустық гепатиттеріне тексеру белгілі бір тәуекел топтарына жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, сондай-ақ гемодиализді қажет ететін, онкологиялық, гематологиялық, трансплантологиялық және басқа да бейінді бөлімшелерде ем қабылдайтын пациенттер бар.
Скринингтен өз емханаңызда тіркеу бөлімі, call-орталық немесе цифрлық сервистер арқылы өтуге болады. Көп жағдайда медицина қызметкерлерінің өздері пациенттерді тексеруге шақырады.
Онкологиялық скринингтер медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан тегін жүргізіледі.
«Скринингтен өту үшін қызметкерге жұмыс орны мен жалақысы сақтала отырып, үш күнге дейін уақыт берілетінін атап өткен жөн. Ең бастысы – ауру белгілерінің пайда болуын күтпей, денсаулығыңызды уақытылы тексеруден өткізу», – деп қорытындылады Дариға Оңалбекова.