Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасына барып, биылғы жылдың тамыз айында ашылған ауыр дертке шалдыққан балаларға арналған жаңа паллиативтік бөлімшенің жұмысымен танысты.
Бүгінде бұл Алматы қаласындағы балаларға арналған жалғыз мамандандырылған паллиативтік бөлімше болып табылады. Мұнда тұрақты медициналық бақылауды, симптоматикалық емді және арнайы күтімді қажет ететін ауыр созылмалы және жазылмайтын аурулары бар балаларға кешенді медициналық көмек көрсетіледі.
Сапар барысында министр палаталарды аралап, медициналық жабдықтармен танысты және пациенттерге кешенді көмек көрсетуді қамтамасыз ететін түрлі бейіндегі дәрігерлерден, мейіргерлерден және басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық команданың жұмысын көрді.
Бөлімшенің негізгі мақсаты - аурудың ауырлығына қарамастан балаларға паллиативтік көмекті уақтылы әрі сапалы көрсету үшін жағдай жасау, сондай-ақ емдеу мен күтімнің барлық кезеңінде отбасыларға кәсіби қолдау көрсету.
Бөлімше тәулік бойы мамандандырылған паллиативтік көмек көрсетуге мүмкіндік беретін заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Палаталарда балалар мен олардың ата-аналарының жайлы болуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Пациенттердің жағдайын тұрақты бақылау мақсатында жасанды өкпе желдету аппараттары, инфузиялық сорғылар, медициналық аспираторлар, өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылауға арналған мониторлар, оттегі жабдықтары және басқа да арнайы құрылғылар пайдаланылады.
Заманауи жабдықтар баланың жағдайын үздіксіз бақылауға, қажетті медициналық манипуляцияларды дер кезінде жүргізуге, тыныс алу қызметін, инфузиялық терапияны және басқа да өмірлік маңызды көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді. Бөлімше жұмысында кішкентай пациенттердің қауіпсіздігіне, жайлылығына және өмір сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда Алматы қаласында 109 бала паллиативтік бақылауда тұр. Бұл көрсеткіш мамандандырылған паллиативтік көмектің жоғары сұранысқа ие екенін және балаларға паллиативтік көмек көрсету қызметін одан әрі дамыту қажеттігін көрсетеді.