2026 жылғы 10–11 қыркүйекте Астана қаласындағы Nazarbayev University базасында «Пәнаралық травматология және ортопедия: диагностикадан оңалтуға дейін» атты мерейтойлық халықаралық ғылыми-практикалық травматолог-ортопедтер конференциясы өтті.

Конференция Қазақстан мен шетелдердің жетекші травматолог-ортопедтерін, ғылыми қауымдастық өкілдері мен практикалық денсаулық сақтау саласының мамандарын біріктіріп, тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттары бар пациенттерді диагностикалау, емдеу және оңалту саласындағы заманауи жетістіктерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.

Аталған конференцияға Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасының (бұдан әрі – №7 ҚКА) травматолог-ортопед дәрігерлері де қатысты. Олардың қатарында ортопедиялық хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Байзақов Арнат Рамазанұлы, политравма бөлімшесінің меңгерушісі Әскеров Рамазан Ахмедұлы, операциялық блоктың меңгерушісі Өтешев Бауыржан Болатбекұлы, қабылдау бөлімшесінің жауапты травматолог дәрігері Жамбұлатов Қуаныш Дүйсебайұлы және клиниканың травматологиялық қызметінің мамандары болды.

Ғылыми бағдарлама аясында Арнат Байзақов «Иық буыны патологиясындағы мультидисциплинарлық тәсіл және сараптамалық шешім. “Мұздаған иық”: этиологиясы, патогенезі және емдеудің заманауи көзқарасы» тақырыбында баяндама жасады.

Өз баяндамасында ол иық буыны патологиясы бар пациенттерді диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін ұсынып, «мұздаған иық» синдромына (адгезивті капсулит) жан-жақты тоқталды. Аурудың даму себептері мен механизмдері, клиникалық ағымының ерекшеліктері, сондай-ақ консервативті және хирургиялық емдеудің өзекті мүмкіндіктері қарастырылды.

Сонымен қатар пациенттің жағдайын кешенді бағалауға және әртүрлі бейіндегі мамандардың қатысуымен емдеудің ең тиімді тактикасын таңдауға мүмкіндік беретін мультидисциплинарлық тәсілдің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
№7 ҚКА мамандарының халықаралық ғылыми-практикалық іс-шараларға қатысуы кәсіби дамуға, клиникалық тәжірибе алмасуға және заманауи медициналық технологияларды тәжірибеге енгізуге ықпал етеді. Бұл өз кезегінде пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.