Алматыда медициналық ұйымдардың 8 айдағы жұмыс көрсеткіштері талқыланды

Алматыда медициналық ұйымдардың 8 айдағы жұмыс көрсеткіштері талқыланды

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінде қаланың медициналық ұйымдарының 2026 жылдың 8 айындағы жұмыс нәтижелері қаралды.

Қатысушылар скринингтердің, профилактикалық жұмыстардың көрсеткіштерін, медициналық көмек сапасының индикаторларын, сондай-ақ азаматтардың өтініштерін талқылады.

Емханалар базасында құзыреттілік орталықтарын дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, №11 қалалық емхана базасында кардиология бойынша Құзыреттілік орталығы жұмыс істейді, ол пациенттің ауруды анықтау мен кеңес беруден бастап, диагностикалауға, ауруханаға жатқызуға және оңалтуға дейінгі бағытын қамтамасыз етеді. Жұмыс істеген кезеңде 400-ден астам кардиологиялық зерттеу жүргізілді.

Сонымен қатар, №23 қалалық емхана базасында эндокринологиялық бағыт дамып келеді, онда инсулинге тәуелді қант диабеті бар 100-ден астам бала бақылауда тұр.

Құзыреттілік орталықтары мамандандырылған көмекті халыққа жақындатуға, кеңес алу қолжетімділігін арттыруға және емханалар мен бейінді ұйымдар арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл тәжірибені қаланың басқа да медициналық ұйымдарында кеңейту мүмкіндігі қарастырылуда.