Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасына көзі ауыр жарақаттанған пациент түсті. Металл зат көзге кіріп, қасаң қабықты зақымдаған.
Пациент шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Мұндай жағдайда уақытты жоғалтпау аса маңызды — дәрігерлердің басты міндеті көзді және көру қабілетін сақтап қалу.
Ота офтальмология бөлімінің меңгерушісі Гүлзат Абдраимованың жетекшілігімен жүргізілді. Мамандар қасаң қабықтағы жараға алғашқы хирургиялық өңдеу жасап, катарактаның факоэмульсификациясын және көзішілік линзаны имплантациялауды орындады.
Бұл жоғары дәлдікті, тәжірибені және барынша зейінді талап ететін аса күрделі әрі ұқыпты жұмыс болды.
Нәтижесінде пациенттің көру қабілетін сақтап, қалыпты өміріне оралуына мүмкіндік туды. Дәрігерлер үшін бұл — кәсібилік пен дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің адамның ең қымбат қазынасы — көру қабілетін сақтауға мүмкіндік беретінін көрсететін тағы бір жағдай.