БОСАНУ, БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ: АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚДСБ ЖИЫНЫНДА НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

БОСАНУ, БАЛАЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ ЖӘНЕ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ: АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚДСБ ЖИЫНЫНДА НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қаланың медициналық ұйымдарының басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді.

Кеңесте негізгі мәселелердің бірі II деңгейдегі босандыру ұйымдарында медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.

Баяндаманы стационарлар бойынша штаттан тыс бас акушер-гинеколог Алия Аймағамбетова жасады.

Алматыда II деңгейде №1, №4 және №5 қалалық перзентханалар жұмыс істейді. Есепті кезеңде бұл ұйымдарда 7 402 босандыру жүргізілді. Акушер-гинекологтармен қамтылу деңгейі — 100%. Сонымен қатар анестезиолог-реаниматологтар бойынша — 6,7%, неонатологтар бойынша — 10% кадр тапшылығы сақталуда.

Марат Пашимов кадрлық қамтамасыз етуді және дәрігерлердің практикалық даярлығын күшейтуді, сондай-ақ №4 қалалық перзентхананың қабылдау бөлімін экспресс-зертханамен қосымша жабдықтауды тапсырды.

Сондай-ақ балалардың денсаулығын қорғау мәселесі қаралды. Алматы қаласындағы 71 медициналық ұйымға жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша медицина қызметкерлерінің даярлығын күшейту, патронаж қызметін кадрлармен толықтыру және ерте дамыту кабинеттерін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұдан бөлек, фтизиопульмонологиялық қызметті жетілдіру мәселесі қаралды. Марат Пашимов туберкулезді диагностикалау, емдеу және алдын алудың заманауи тәсілдерін ескере отырып, фтизиатр дәрігерлерді қосымша оқыту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.