Қан қысымының жоғарылауы қандай асқынуларға әкелуі мүмкін?

Қан қысымының жоғарылауы қандай асқынуларға әкелуі мүмкін?

Артериялық қысымды не үшін бақылау маңызды екені туралы Алматы қаласындағы «Құлагер» БМСКО дәрігері Анэля Ярмұхаметова айтып берді.

Артериялық гипертония — ең көп таралған созылмалы аурулардың бірі. Оны бақылауда ұстамау ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Олардың қатарында миокард инфарктісі, инсульт, жүрек жеткіліксіздігі, жүрек ырғағының бұзылуы және бүйректің зақымдануы бар.
«Қан қысымының жоғары болуы жүрек пен қан тамырларына түсетін жүктемені арттырады. Уақыт өте келе бұл нысана-мүшелердің — жүректің, мидың, бүйректің және қан тамырларының зақымдануына әкелуі мүмкін», — дейді дәрігер.
Ыстық ауа райында қан қысымын бақылауға ерекше көңіл бөлу қажет. Жоғары температура ағзаның сұйықтықты көп жоғалтуына ықпал етеді, бұл артериялық қысымның ауытқуына және денсаулық жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін. Гипертониясы бар адамдар дәрігердің ұсынымдарын ескере отырып, сұйықтықты жеткілікті мөлшерде қабылдауы, күн астында ұзақ уақыт болудан және ыстық уақытта қарқынды дене жаттығуларынан аулақ болуы керек.
Асқынулардың алдын алу үшін маман артериялық қысымды үнемі өлшеп тұруды, тағайындалған дәрі-дәрмектерді қабылдауды өткізіп алмауды, тұзды тұтынуды шектеуді, темекі шегуден және алкогольді шамадан тыс тұтынудан бас тартуды, дене белсенділігін сақтауды және дене салмағын бақылауды ұсынады.

Денсаулық жағдайы күрт нашарлаған кезде, кеуде тұсы қатты ауырса, айқын ентігу пайда болса, сөйлеу бұзылса немесе аяқ-қолдарда әлсіздік байқалса, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет.