9-қабаттан құлаған: алматылық дәрігерлер 34 жастағы әйелді аман алып қалды

9-қабаттан құлаған: алматылық дәрігерлер 34 жастағы әйелді аман алып қалды

Алматы қаласындағы №7 Қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлап, ауыр жарақат алған 34 жастағы әйелді аман алып қалды. Медициналық көмектің барлық кезеңінде мультидисциплинарлық мамандар тобының жедел әрі үйлесімді жұмысының, медицина қызметкерлерінің жоғары кәсіби даярлығының арқасында науқастың жағдайын аса ауыр халден тұрақтандырып, оныншы тәулікте амбулаториялық ем мен кейінгі оңалтуға шығару мүмкін болды.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, пациент №7 ҚКА-ға көптеген сүйек сынулары мен ішкі ағзалардың зақымдануымен қатар жүрген ауыр аралас жарақатпен шұғыл түрде жеткізілген.

Ауруханаға түскен кездегі жағдайы өте ауыр деп бағаланды: кома және өміріне тікелей қауіп төндірген травмалық шок. Жедел жәрдем бригадасы ауруханаға дейінгі кезеңде интубация жүргізіп, шокқа қарсы терапияны бастаған. Стационарға түскеннен кейін санаулы минуттардың ішінде қабылдау бөлімінде шұғыл медициналық көмектің толық көлемі көрсетілді.

№7 Қалалық клиникалық ауруханасының директоры Нұрдос Қадырбековтің айтуынша, емдеу үдерісіне бірнеше бағыттағы мамандар жұмылдырылды.

«Науқасты емдеуге анестезиолог-реаниматологтар, травматологтар, нейрохирургтар, хирургтар, терапевтер, кардиологтар, психологтар және психиатрлар қатысты. Пациентке көрсетілген барлық медициналық көмек МӘМС жүйесі аясында жүзеге асырылды. Жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде ауыр шок пен көптеген жарақаттардың салдарымен күресуге бағытталған ем жүргізіліп, жағдайы тұрақтанғаннан кейін науқас әрі қарай мамандандырылған ем алу үшін политравма бөліміне ауыстырылды», – деді аурухана басшысы.

«Мұқият дайындықтан кейін жоғарғы және төменгі аяқ-қолдарға симультантты операция жасалды, ал екі тәуліктен соң жамбас сүйектеріне ота жүргізілді. Емдеудің барлық кезеңінде тромбоэмболия мен май эмболиясы секілді ауыр асқынулардың қаупі өте жоғары болды. Соған қарамастан, пәнаралық тәсілдің, командалық жұмыстың және дұрыс емдеу тактикасының арқасында оң нәтижеге қол жеткіздік», – деп түсіндірді №7 ҚКА политравма бөлімінің меңгерушісі Рамазан Әскеров.

Оның айтуынша, №7 Қалалық клиникалық ауруханасы – қаланың ең ірі көпсалалы стационарларының бірі. Медициналық ұйым Алматы қаласына кіреберістегі негізгі жолдардың бірінде орналасқандықтан, мұнда жол-көлік оқиғалары мен басқа да төтенше жағдайлардан кейін ауыр жарақат алған науқастар жиі жеткізіледі.

Науқас ауруханаға түскеннен кейін жетінші тәулікте аяққа тұрғызылып, ал оныншы тәулікте қанағаттанарлық жағдайда тиісті емдік ұсынымдармен үйіне шығарылды.

Бүгінде №7 Қалалық клиникалық ауруханасы Алматыдағы негізгі травматологиялық орталықтардың бірі болып саналады. Мұнда тәулік бойы ең ауыр әрі күрделі жарақат алған пациенттерге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі.