АЛМАТЫДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ КЕҢ АУҚЫМДА ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

АЛМАТЫДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ КЕҢ АУҚЫМДА ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы қаласының медициналық нысандарын жаңғырту барысымен танысты. Жұмыс сапары аясында ол Шұғыла шағын ауданында салынып жатқан отбасылық дәрігерлік амбулатория мен №7 Қалалық клиникалық ауруханаға барды. Министрдің жұмыс сапарына Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қатысты.

Шұғыла шағынауданында ауысымына 200 келушіге арналған отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жалғасуда. Жаңа нысан шағынаудан тұрғындары үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

№7 қалалық клиникалық ауруханада ауқымды жаңғырту жобасы іске асырылуда. Қазіргі уақытта емхана ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, стационарды қайта жаңғыртудың бірінші кезеңі жүзеге асырылуда — он бір павильонның алтауы жаңартылуда.

Бұл ретте пациенттерге медициналық көмек штаттық режимде көрсетілуде. Жоба сондай-ақ аумақты кешенді абаттандыруды, инженерлік инфрақұрылымды жаңартуды және аурухананың негізгі бөлімшелерін қайта жаңғыртуды көздейді.

Аралау қорытындысы бойынша Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдарды кезең-кезеңімен жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті. Инфрақұрылымды жаңарту пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға, сондай-ақ қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.