Алматыда суицидтің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады

Алматыда суицидтің алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылады

Алматы қаласында суицидтің алдын алу жұмыстарын күшейту мақсатында арнайы ведомствоаралық комиссия құрылады. Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мәслихат отырысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, тиісті шешім жобасы Қазақстан Республикасы халқы арасында суицидтік мінез-құлықтың профилактикасы жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасын және Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген.

Бүгінде Алматыда Психикалық сауықтыру орталығының суицидологиялық қызметі жұмыс істейді. Сонымен қатар білім беру ұйымдары, ішкі істер органдары, әлеуметтік қорғау мекемелері және өзге де мемлекеттік құрылымдармен бірлескен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Алайда бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттыру үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіретін бірыңғай тетік қажет. Осыған байланысты қалада Суицидтердің алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру ұсынылып отыр.

Жаңа комиссия суицидтің алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруге, Жол картасы аясындағы іс-шаралардың орындалуын бақылауға, әрбір суицид жағдайының себептерін жан-жақты талдауға, жүйелі мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, комиссия қызметі қосымша бюджет қаражатын талап етпейді. Оның жұмысы құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қолданыстағы өкілеттіктері шеңберінде жүзеге асырылады.

Мәслихат қарауына ұсынылған шешім жобасына сәйкес, комиссия құрамын 31 адамнан бекіту жоспарланып отыр. Оның қабылдануы Алматыдағы суицидтің алдын алу шараларын жүйелеп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ықпал етеді.