Қазақстанда алғаш рет: Алматыда есту қабілеті бұзылыстарын ерте анықтаудың бірыңғай жүйесі іске қосылады

Қазақстанда алғаш рет: Алматыда есту қабілеті бұзылыстарын ерте анықтаудың бірыңғай жүйесі іске қосылады

Алматы №5 қалалық клиникалық ауруханасында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов Қазақстандағы алғашқы аудиологиялық скринингті сүйемелдеу жөніндегі трекинг-орталықты ашып, есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай тіркелімін енгізу жобасына ресми түрде бастау берді. Бұл бастама Сурдология бойынша құзыреттілік орталығының базасында жүзеге асырылып отыр.

Жаңа жүйе бұған дейін «Мен естимін» пилоттық жобасы аясында табысты сынақтан өтті. Жоба Алматыдағы үш перзентхана, үш медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымы және екі сурдологиялық кабинетті қамтыды. Пилоттық кезеңнің қорытындысы жобаның тиімдігін дәлелдеп, оны кең көлемде енгізудің маңызын көрсетті.
«Трекинг-орталықтың ашылуымен біз жүйеге Алматыдағы барлық перзентхана мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын кезең-кезеңімен қосамыз. Бұл есту қабілеті бұзылыстарын ерте анықтау мен балаларды үздіксіз сүйемелдеудің бірыңғай бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді Марат Пашимов.
«Мен естимін» жобасы аясында бала аудиологиялық скринингтен бастап нақты диагноз қою, ем алу, есту аппаратымен қамтамасыз ету және оңалтуға дейінгі барлық кезеңде тұрақты бақылауда болады. Бұл жүйедегі негізгі буын - трекинг-орталық. Ол скрининг нәтижесін нақты уақыт режимінде қабылдап, «жасыл дәліз» қағидаты бойынша қосымша тексеруді ұйымдастырады және есту қабілеті бұзылған балаларды толық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.
Жүйенің тиімдігі бүгінде нақты нәтижемен дәлелденіп отыр. 2026 жылдың басынан бері 11 баланың толық естімейтіні дер кезінде анықталды. Олардың бәріне кохлеарлық имплантация жасалып, қазір оңалту курсынан өтіп жатыр.
Жоба толық көлемде іске асырылғаннан кейін жыл сайын 90 мыңнан астам баланы аудиологиялық мониторингпен қамту жоспарланып отыр. Бұл нәресте өмірінің алғашқы жылында ауыр дәрежедегі есту бұзылысы мен толық саңыраулықты дер кезінде анықтап, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастауға жол ашады.
Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай тіркелімі енгізіледі. Ол балалар мен ересектер туралы деректі бір жүйеге біріктіріп, пациенттерді диагноз қою кезеңінен бастап емдеу мен оңалтуға дейін үздіксіз сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ мамандандырылған медициналық көмектің сапасы мен тиімдігін арттыруға ықпал етеді.
Жыл басынан бері №5 қалалық клиникалық аурухананың Сурдология бойынша құзыреттілік орталығының мамандары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында есту қабілетін жақсартуға бағытталған 200-ден астам ота жасады. Сонымен бірге 400-ден астам пациентке есту аппаратымен қамтамасыз етуге жолдама берілді. Бүгінде орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен пациенттер жүгінеді, олардың 58 пайызы - Алматы қаласының тұрғындары.

№5 қалалық клиникалық ауруханасы базасында трекинг-орталықтың іске қосылуы, «Мен естимін» жобасының кеңейтілуі және есту қабілеті бұзылған пациенттердің бірыңғай тіркелімінің енгізілуі Алматыда есту қабілеті бұзылыстарын ерте анықтау, емдеу және пациенттерді үздіксіз сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.