Алматыда Қазақстандағы мектеп медицинасын жаңғырту мәселелері талқыланды

Алматыда Қазақстандағы мектеп медицинасын жаңғырту мәселелері талқыланды

Бүгін Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасындағы мектеп медицинасын жаңғырту мәселелеріне арналған республикалық семинар-кеңес өтті.

Іс-шараға Республикалық медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының дәрігер-сарапшысы Тургангуль Бишораева, Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы Алматы қалалық филиалының бас маманы Айгерим Мекенова, сондай-ақ медициналық ұйымдар директорларының балаларға медициналық көмек көрсету және босандыру қызметі жөніндегі орынбасарлары, мектепке дейінгі және мектеп медицинасы бөлімшелерінің меңгерушілері, мектеп медицинасының үйлестірушілері, профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізуге қатысатын медицина қызметкерлері, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру басқармалары тарапынан «Салауатты мектеп» жобасының үйлестірушілері қатысты.

Семинар барысында қатысушыларға 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін балаларға профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастырудың жаңа стандартының негізгі ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар «Салауатты мектеп» жобасының мақсаты мен оны іске асыру тетіктері таныстырылды.

Семинарда профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді цифрландыру, балалар арасындағы ауруларды ерте кезеңде анықтау жүйесін жетілдіру, диагностиканың заманауи тәсілдерін енгізу, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімдігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.