Алматыда Альцгеймер ауруы кезінде қолданылатын инновациялық технология таныстырылды

Алматыда Альцгеймер ауруы кезінде қолданылатын инновациялық технология таныстырылды

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет NEUROLITH жүйесінің таныстырылымы өтті.

NEUROLITH - Transcranial Pulse Stimulation (TPS) технологиясына негізделген заманауи жүйе. Ол ми тініне қысқа акустикалық импульс арқылы әсер ететін, хирургиялық араласуды қажет етпейтін инвазивті емес әдіс. Арнайы навигациялық жүйе арқылы дәрігер мидың қажетті аймағына дәл әсер ете алады.

Халықаралық сарапшы Себастьян Мюллер TPS технологиясының жұмыс істеу қағидаттары мен әлемдік тәжірибесі туралы баяндады. Оның айтуынша, 3D-навигация жүйесі дәрігерге әр пациенттің МРТ деректеріне сүйене отырып, әсер ету аймағын жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік береді. Емдеу курсы, әдетте, екі апта ішінде өткізілетін алты сеанстан тұрады. Бүгінде бұл технология бойынша әлемде 20 мыңнан астам пациентке ем жүргізілген.

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Константин Ли жобаның әлеуметтік маңызына тоқталды: «Альцгеймер ауруы тек пациенттің ғана емес, оның жақындарының да өміріне әсер етеді. Сондықтан жаңа технология пациент пен оның отбасының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берсе, бұл - үлкен жетістік. Сонымен қатар бұл барлық мәселені бірден шешетін ғажайып құрал емес, медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейтетін заманауи технология екенін түсінуіміз керек», - деп түсіндірді.

Жаңа технологияның таныстырылуы халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және Алматыда жоғары технологиялық медициналық көмекті одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.