Алматыда жарты жыл ішінде сүт безі обырының 200-ден астам жағдайы анықталды

Алматыда жарты жыл ішінде сүт безі обырының 200-ден астам жағдайы анықталды

Алматыда жыл басынан бері нысаналы топ арасында жүргізілген скринингтік тексеру нәтижесінде тоқ және тік ішек обырының 58 жағдайы, сондай-ақ сүт безі обырының 200-ден астам жағдайы анықталды.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қаладағы медициналық ұйымдардың басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді. Кеңесте негізгі тиімділік көрсеткіштерінің орындалуы, иммундық профилактика жұмысының барысы, скринингтік зерттеулер жоспарының орындалуы, сондай-ақ медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарындағы инфекциялық аурулар кабинетінің қызметіне және Балалар үйінің жұмысына жүргізілген мониторинг нәтижесі қаралды.

2026 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша халықты скринингтік тексерумен қамтуға қатысты нысаналы көрсеткіштердің басым бөлігі орындалып, жоспардан асыра орындалған.

Профилактикалық тексеруден 375 411 бала өтті (59,5%). Қант диабетіне скринингпен 131 435 адам (73,9%), қан айналымы жүйесі ауруларына - 110 168 адам (65,4%), глаукомаға - 145 239 адам (79,1%), вирустық гепатиттерге - 34 011 адам (65%), цереброваскулярлық ауруларға тексеру бойынша - 24 567 адам (63,4%) қамтылды.

2026 жылдың алғашқы алты айында колоректалды обырға скринингтен 108 913 адам өтті.

Тексеру қорытындысы бойынша барлығы 803 жағдай анықталды. Соның ішінде 745-і - қатерсіз түзілім, ал 58-і - тоқ және тік ішектің қатерлі ісіктері. Анықталған пациенттің бәрі (100%) диспансерлік бақылауға алынды.

Сондай-ақ бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов медициналық ұйымдарға халықты профилактикалық тексеру мен скринингтік бағдарламаларға белсенді тартуды тапсырды. Себебі ауруды ерте анықтау емдеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді, оның тиімдігін арттырады әрі пациенттердің сауығу мүмкіндігін едәуір жоғарылатады.

Бұдан бөлек, медициналық ұйымдарға скрининг нәтижесі оң болған пациенттер үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру тапсырылды. Соның аясында олар тексерудің екінші кезеңінен 3-5 жұмыс күні ішінде өтуі тиіс. Сондай-ақ ауру анықталмаған медициналық ұйымдарға апта сайын мониторинг жүргізіліп, медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдары басшыларының есебі ай сайын тыңдалатын болады.

Кеңесте скринингтік зерттеудің сапасын арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Осы мақсатта жекеменшік медициналық ұйымдарда скринингтік зерттеудің сапасына сыртқы аудит жүргізу, сондай-ақ жұмыс істейтін азаматтарға қолайлы болу үшін кешкі уақытта және сенбі күндері арнайы «скрининг сағаттарын» ұйымдастыру жоспарланып отыр.