Газ баллоны жарылып, денесінің 89 пайызын күйік шалған азаматтың өмірін алматылық дәрігерлер арашалап қалды

Газ баллоны жарылып, денесінің 89 пайызын күйік шалған азаматтың өмірін алматылық дәрігерлер арашалап қалды

Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері газ баллоны жарылып, денесінің 89 пайызын күйік шалған 26 жастағы азаматтың өмірін сақтап қалды. Бір ай бойы ем қабылдаған науқас бүгінде үйіне шығарылды.

Оқыс оқиға маусымның 18-інде болған. Ер адамның үй ауласындағы шаруашылық қорада тұрған газ баллоны жарылып, салдарынан ол жалын шарпыған ауыр күйік алған. Зардап шегуші №4 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіліп, жағдайының тым ауыр болуына байланысты бірден анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды.

Дәрігерлер тексеру барысында науқастан жарылыс толқынынан болған жарақатты, дене бетінің 89 пайызын қамтыған термиялық күйікті, оның 15 пайызының терең күйік екенін, сондай-ақ сол қолының жұмсақ тіндері едәуір зақымданғанын анықтады. Ауруханаға түскен алғашқы минуттан бастап күйіктік шоктың алдын алуға бағытталған қарқынды ем жүргізілді.

Сол күні-ақ оның зақымданған қолына шұғыл ота жасалды. Кейін емдеу күйік бөлімшесінде жалғасты. Осы уақыт аралығында науқас бірнеше кезеңнен тұратын хирургиялық емнен өтті. Оған өз терісін көшіріп салу (аутодермопластика) және жарақаттанған қолды қалпына келтіруге арналған реконструктивтік оталар жасалды. Бұған қоса дәрігерлер күн сайын өмірлік маңызды ағзалардың жұмысын, зертханалық және аспаптық тексерулердің нәтижесін жіті бақылап, емдеу тәсілін науқастың жағдайына қарай үздіксіз түзетіп отырды.

«Науқас бізге өте ауыр жағдайда жеткізілді. Денесінің 89 пайызын күйік шалған, оның 15 пайызы терең күйік болды. Сол қолы да ауыр жарақаттанған еді. Алғашқы төрт тәулік бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдап, жағдайы тұрақтанған соң күйік бөлімшесіне ауыстырылды. Мұндай көлемдегі күйік - дәрігерлер үшін ең күрделі жағдайдың бірі. Ауруханамыздағы көпбейінді мамандардың үйлесімді жұмысының арқасында науқастың өмірін сақтап қала алдық», - дейді №4 қалалық клиникалық ауруханасының күйік бөлімшесінің меңгерушісі Елдос Әлменов.
Ем қабылдаған Александр Артуков та көмек көрсеткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын жеткізді:
«Күйік бөлімшесі мен жансақтау бөлімінің дәрігерлері мен медицина қызметкерлеріне, кардиологтарға, терапевтерге, травматологтарға шын жүректен ризамын. Емдеу үдерісі өте жақсы ұйымдастырылды. Барлық ем-шара кәсіби деңгейде жүргізілді. Маған тек медициналық көмек емес, рухани демеу де көрсетілді. Мұндай ауыр жарақатты еңсеру оңай емес. Кіші мейіргерлерден бастап медбикелерге, дәрігерлер мен анестезиологтарға дейінгі барлық қызметкерге зор алғысымды білдіремін. Екі ота жасалды. Екеуі де сәтті өтіп, кейінгі қалпына келу кезеңі де жақсы болды. №4 қалалық клиникалық ауруханасының ұжымына кәсібилігі үшін ерекше алғыс айтамын», - деді ол.

Бір айлық емнен кейін науқас стационардан шығарылды. Осы уақыт ішінде ол өздігінен жүріп-тұрып, күнделікті тұрмысын өзі атқара алатын деңгейге жетті. Алда ұзақ оңалту кезеңі күтіп тұрғанымен, дәрігерлер ең басты міндетті орындады - азаматтың өмірін сақтап қалып, қалыпты өмірге қайта оралуына мүмкіндік берді.