Бала өмірінің алғашқы үш жылы - оның өсіп-жетілуіндегі ең маңызды кезең. Осы уақытта оның қимыл-қозғалысы, тілі, ой-танымы мен қоршаған ортамен қарым-қатынас жасау қабілеті қарқынды дамиды. Сондықтан мамандардың тұрақты бақылауында болуы бала дамуындағы ерекшеліктерді ерте аңғарып, дер кезінде қолдау көрсетуге жол ашады.
№36 қалалық емхананың бала дамуын бақылау кабинетінің медбикесі Задиреева Ирина Михайловнаның айтуынша, мұнда туғаннан үш жасқа дейінгі балалардың жүйке-психикалық дамуы жүйелі түрде бағаланады. Мәселен, алты айлық сәбиді қарау кезінде оның аунай алуы, сүйемелдеумен отыруы, ойыншыққа ұмтылуы, дауысқа елеңдеуі, көзбен байланыс орнатуы және айналасына қызығушылық танытуы назарға алынады.
«Баланың кейбір дағдыларды қатарластарынан сәл кеш меңгеруі міндетті түрде аурудың белгісі емес. Көп жағдайда дер кезінде берілген кеңес, дамыту жаттығулары мен ата-ананың дұрыс қолдауы оның қажетті дағдыларды тезірек игеруіне сеп болады», - дейді Ирина Михайловна.
Мамандардың айтуынша, балаға ерте жастан көрсетілген қолдау оның толыққанды дамуына негіз қалайды. Сондықтан ата-аналар профилактикалық тексеруден қалмай, бала дамуын бақылау кабинетіне уақтылы барып тұрғаны жөн.