Алматыда дәрігерлер салмағы 1 келіден асатын жатыр миомасын алып тастады

Алматыда дәрігерлер салмағы 1 келіден асатын жатыр миомасын алып тастады

Алматы №1 қалалық перзентханада жатырдағы алып миомасы бар әйелге күрделі гинекологиялық ота сәтті жасалды. Мұнда акушерлік көмектен бөлек, гинекологиялық дертке де хирургиялық ем көрсетіледі.

Медициналық мекеменің мәліметінше, әйел ұзақ уақыт бойы күнделікті тұрмыс-тіршілігіне едәуір қолайсыздық туғызған дертпен жүрген. Ол жоспарлы түрде ота жасау үшін ауруханаға жатқызылды. Ота кезінде алынған миоманың салмағы 1 келі 125 грамды құрады.

Дәрігерлердің айтуынша, жатыр миомасы - әйелдердің ұрпақ өрбіту жүйесінде жиі кездесетін қатерсіз ісіктің бірі. Миома анықталған әрбір әйелге ота жасау қажет бола бермейді. Емдеу тәсілі әр науқасқа жеке таңдалады. Бұл ретте миома түйіндерінің көлемі мен саны, орналасуы, сырқат белгілерінің айқындығы, әйелдің жасы және алдағы жүктілік жоспары ескеріледі.

Жатыр миомасы ұзақ уақыт бойы ешбір белгі бермей өсуі мүмкін. Алайда ісік ұлғайған сайын етеккірдің шамадан тыс әрі ұзаққа созылуы, етеккір аралығында қан кетуі, іштің төменгі жағының ауыруы немесе ауырлық сезімі, қуық пен ішекке қысым түсуі, жиі зәр шығару, іш қату және іш көлемінің ұлғаюы байқалады. Ұзақ уақыт қан жоғалтудың салдарынан темір тапшылығы анемиясы дамып, адам өзін әлсіз сезінеді, басы айналып, тез шаршайды.

Мамандардың айтуынша, салмағы 1 келіден асатын жатыр миомасы өте сирек кездеседі. Әдетте ол бірнеше жыл бойы біртіндеп өседі. Көптеген әйел дәрігерге миома әбден үлкейіп, күнделікті өміріне елеулі кедергі келтіргенде ғана қаралады.