АЛМАТЫДА ДӘРІГЕРЛЕР САЛМАҒЫ 10 КИЛОГРАМНАН АСАТЫН АНАЛЫҚ БЕЗІ ІСІГІН СӘТТІ АЛЫП ТАСТАДЫ

АЛМАТЫДА ДӘРІГЕРЛЕР САЛМАҒЫ 10 КИЛОГРАМНАН АСАТЫН АНАЛЫҚ БЕЗІ ІСІГІН СӘТТІ АЛЫП ТАСТАДЫ

Алматы онкологиялық орталығында дәрігерлер аналық без обырына шалдыққан науқасқа күрделі ота жасап, сәтті аяқтады.

Науқас ауруханаға салмағы 10 килограмнан асатын алып аналық без ісігімен түсті. Сонымен қатар, оның құрсақ қуысында шамамен 6 литр сұйықтық (асцит) жиналған. Ісік несепағарларды және көршілес ағзаларды қысып тұрған.

Шамамен үш сағатқа созылған операцияны Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары, онкогинеколог Райхан Болатбекованың жетекшілігімен мультидисциплинарлық команда жүргізді. Ота барысында дәрігерлер ісікті алып тастап, құрсақ қуысындағы сұйықтықты шығарды, сондай-ақ жатырды, аналық бездерді, жатыр түтіктерін және үлкен шарбыны алып тастау операциясын орындады.

Райхан Болатбекованың айтуынша, ендігі кезеңде науқасқа химиотерапия курсы жүргізіледі.

Алматы онкологиялық орталығында мұндай күрделі операциялар хирургтердің жоғары кәсіби біліктілігін және бүкіл медициналық команданың үйлесімді жұмысын талап ететінін атап өтті. Өткен жылы мұнда алып кистаға шалдыққан тағы бір науқасқа да сәтті операция жасалып, оның құрсақ қуысынан шамамен 45 литр сұйықтық шығарылған болатын.

Дәрігерлер әйелдерді гинекологтың тұрақты профилактикалық тексеруінен өтіп, денсаулықтағы өзгерістер байқалған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Себебі ауруды ерте кезеңде анықтау емнің тиімділігін едәуір арттырады.