Алматы онкологиялық орталығында қуықасты безі обырының алдын алу және ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтті.
Бірнеше сағат ішінде 64 ер адам дәрігер-онкологтардың тегін консультациясын алды. Әрбір азамат мамандарға өзін толғандырған сұрақтарын қойып, қажетті ұсыныстар алып, көрсетілімдер болған жағдайда ультрадыбыстық зерттеуден өтті.
Тексеру нәтижесінде қатерлі ісік пен қатерлі жаңа түзілімдерге күдік келтіретін жағдайлар анықталған жоқ. Сонымен қатар дәрігерлер әрі қарай бақылау мен емдеуді қажет ететін бірқатар ауруларды анықтады: 18 пациентте қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы, 5 пациентте қуықтың қабыну аурулары, ал 6 пациентте созылмалы простатиттің асқыну кезеңі анықталды.
Акция аясында қуықасты безіне 45 ультрадыбыстық зерттеу және қуыққа 9 ультрадыбыстық зерттеу жүргізілді.
Мамандардың айтуынша, қуықасты безінің көптеген аурулары бастапқы кезеңде ешқандай белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан тұрақты профилактикалық тексерулер ауруды дер кезінде анықтап, емдеуді уақытылы бастауға және ерлер денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.
Естеріңізде болсын: ауру неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу соғұрлым жеңіл әрі тиімді болады, ал толық сауығу ықтималдығы айтарлықтай жоғары болады.