Көз түсін өзгертемін деп әйел көру қабілетінен айырылып қала жаздады

Көз түсін өзгертемін деп әйел көру қабілетінен айырылып қала жаздады
 

Алматы тұрғыны көзінің түсін өзгерту үшін шетелге барған. Алайда операциядан кейін ауыр асқынуларға – глаукома мен қасаң қабықтың бұлыңғырлануына тап болған.

Асқынулардың салдарынан әйел көру қабілетінен іс жүзінде айырылған. Бір көзі толықтай көру қызметін жоғалтса, екінші көзімен тек жарықты ғана ажырата алған. Нәтижесінде оған І топтағы мүгедектік белгіленген.
Көмек іздеген әйел Қазақстан мен шетелдегі түрлі клиникаларға жүгінгенімен, ешбір маман оның көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген. Үміт тек аз ғана көру функциясы сақталған бір көзінде қалған.
Күрделі жағдайды ОҚКА-ның офтальмолог дәрігері Гүлзат Абдраимова өз қолына алды.
«Гүлзат Абдраимованың күрделі операциялар жасайтынын естіген соң, дәл осы дәрігерге жүгінуді шештім. Көру мүмкіндігін қайта сыйлағаны үшін дәрігерлерімізге кәсібилігі мен еңбегі үшін зор алғысымды білдіремін», – деді пациент.
Дәрігерлердің айтуынша, жағдайды көз ішілік қысымның өте жоғары болуы қиындатқан. Операция барысында ауыр асқыну – экспульсивті қан кету қаупі болған, бұл көру қабілетінің толық жоғалуына әкелуі мүмкін еді.
Жоғары қауіп-қатерге қарамастан, мамандар жарықты сезіну қабілеті сақталған көзді сақтап қалу үшін күресуге шешім қабылдады. Пациентке шамамен екі сағатқа созылған біріктірілген операция жасалды: көз ішілік қысымды төмендету үшін антиглаукомалық хирургиялық араласу жүргізіліп, қасаң қабық трансплантацияланды.
Дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында көз ішілік қысым төмендетіліп, операцияға дейін тек жарықты ғана ажырата алған көздің көру қызметі қалпына келтірілді. Хирургиялық араласудан кейін пациент қайтадан көре бастады.
Қазіргі таңда әйел дәрігерлердің бақылауында болып, оңалтудан өтуде. Мамандар оң динамиканы атап өтіп, болашақта оның мүгедектік тобы қайта қаралуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл оған белсенді өмірге және еңбек қызметіне қайта оралуға мүмкіндік береді.

Қасаң қабық трансплантациясы – офтальмологиядағы ең күрделі операциялардың бірі. ОҚКА-да мұндай операциялар донорлық бағдарламаның арқасында жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері мамандар 12 қасаң қабық трансплантациясын жасап, пациенттерге көру қабілетін сақтап қалуға және қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді.