
Республика сарайында Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Кәсіби мереке аясында дәрігерлер, медициналық әпкелер, сала ардагерлері мен қаланың денсаулық сақтау жүйесінің үздік өкілдері құрметке ие болды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, сала ардагерлері, медициналық ұйымдардың басшылары, дәрігерлер, медициналық әпкелер және қаланың медициналық қауымдастығының өкілдері қатысты.
Мерекелік жиынды ашқан Дархан Сатыбалды медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың өз ісіне адалдығы мен күнделікті еңбегі үшін алғысын білдірді.
«Бүгін біз тұрғындарымыздың денсаулығы мен өмірін қорғап жүрген жандарға шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің мамандықтарыңыз жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және адамдарға адал қызмет етуді талап етеді. Ең қиын сәттерде дәл сіздер үміт сыйлап, сенім ұялатасыздар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамыту, дәрігерлерді қолдау және медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Біз сіздердің жанқиярлық еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз және медициналық қауымдастықтың кәсіби дамуы мен тиімді жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырамыз», – деді Дархан Сатыбалды.
Қала әкімі денсаулық сақтау саласын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Алматыда медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде, заманауи цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілуде, жаңа медициналық нысандар салынып, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін жағдай жасалуда.
2030 жылға дейін Алматыда денсаулық сақтау саласының 32 жаңа нысанын салу және қолданыстағы 14 нысанды жаңғырту жоспарланған. Қазірдің өзінде елімізде алғаш рет Бірыңғай алғашқы медициналық-санитариялық көмек стандарты бойынша жұмыс істейтін №37 қалалық емхана ашылды. Сонымен қатар ірі медициналық ұйымдарды салу және реконструкциялау жұмыстары жалғасуда, алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталықтары мен жедел жәрдем қосалқы станцияларының желісі кеңейтілуде.
Кештің басты оқиғаларының бірі сала үздіктерін марапаттау рәсімі болды. Көпжылдық адал еңбегі мен отандық денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін медицина қызметкерлеріне «Парасат», «Құрмет» және «Шапағат» ордендері, «Ерен еңбегі үшін» медалі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ведомстволық наградалары мен «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Саланың дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды.
Сондай-ақ «Үздік маман – 2026» қалалық байқауының жеңімпаздарына ерекше құрмет көрсетілді. Байқау жеңімпаздары: Нұрсұлтан Ізбағамбетов («Денсаулық сақтау саласының үздік менеджері»), Марат Алматов («Үздік стационар дәрігері»), Әсел Акимбаева («Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің үздік дәрігері»), Ақмарал Халелова («Медициналық колледждің үздік оқытушысы»), Халжан Каримова («Үздік провизор»), Маржангүл Құдайберді («Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама саласының үздік маманы») және Индира Тоқбергенова («Санитариялық-эпидемиологиялық бейіндегі үздік дәрігер»).
Республикалық байқаулардың жеңімпаздары да марапатталды. Алматы қаласының Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы «Үздік стационар», №17 қалалық емхана «Үздік емхана» атанса, №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы еліміздің үздік балалар ауруханасы болып танылды.
Сонымен қатар «Үздік маман – 2026» республикалық байқауында Алматы қалалық Жедел медициналық жәрдем қызметінің мобильді бригада дәрігері Мөлдір Сәрсембек «Үздік шұғыл медициналық көмек дәрігері» номинациясының жеңімпазы атанды.
Мерекелік іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен әсерлі концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Өнерпаздар медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ халатты абзал жандарға жоғары кәсібилігі, жанқиярлық еңбегі және мамандыққа адалдығы үшін алғыс білдірді.