Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды И. Жекенова атындағы Қалалық клиникалық инфекциялық аурухана жанындағы Орталықтандырылған зертханада жаңа зертханалық кешеннің ашылуына қатысты.
Орталықтандырылған зертхана үшін автоматтандырылған тректік жүйемен және жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған заманауи кешен пайдалануға берілді. Жаңа жабдық диагностикалық анализаторларды бірыңғай цифрлық желіге біріктіріп, зерттеулерді жүргізу уақытын қысқартуға, адами фактордың әсерін азайтуға және зертханалық диагностиканың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Кешеннің негізгі бөлігі биологиялық үлгілерді қабылдаудан бастап нәтижелерді дәрігерге жолдауға дейінгі толық өңдеу циклін қамтамасыз ететін автоматтандырылған тректік жүйе болды. Енді үлгілер арнайы желі арқылы анализаторлар арасында автоматты түрде тасымалданады. Бұл қолмен орындалатын операциялар санын азайтып, қателіктердің алдын алуға және зертхананың жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мұндай технологияны енгізу инфекциялық стационар үшін ерекше маңызға ие. Автоматтандыру қызметкерлердің биологиялық материалдармен байланысын азайтып, биологиялық қауіпсіздік деңгейін арттырады және еңбек жағдайларын қауіпсіз етеді.
Үлгі зертханаға түскеннен кейін жүйе штрих-кодты автоматты түрде оқып, қажетті зерттеу түрлерін анықтайды және сынаманы тиісті жабдыққа бағыттайды. Егер пациентке бірнеше талдау қажет болса, үлгі белгіленген маршрут бойынша барлық зерттеу кезеңдерінен автоматты түрде өтеді. Зерттеулер аяқталған соң нәтижелер зертханалық ақпараттық жүйеге жіберіледі, ал үлгілер қажет болған жағдайда сақтауға жолданады.
Жасанды интеллект нақты уақыт режимінде жабдықтардың жұмысын талдап, үлгілерді өңдеудің ең тиімді бағытын анықтайды. Бұл зерттеу нәтижелерін алу уақытын қысқартады.
«Тректік жүйе зертхана ішіндегі ақылды көлік магистралі сияқты жұмыс істейді. Ол үлгілерді қажетті жабдықтарға автоматты түрде бағыттап, зерттеу нәтижелерін жылдам алуға және пациенттерді емдеу бойынша шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді. Осындай технологияларды енгізу қаланың заманауи зертханалық қызметін дамытудағы маңызды қадам болып табылады», – деп атап өтті Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында.
Жоба Қазақстанның денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау аясында жүзеге асырылып, озық технологияларды енгізуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған.