
Алматыда заманауи медициналық диагностиканың қолжетімділігін арттыру бағытында тағы бір маңызды қадам жасалды. 2026 жылғы 16 маусымнан бастап №32 Қалалық емхана базасында қаладағы алғашқы тәулік бойы жұмыс істейтін магниттік-резонанстық томография (МРТ) кабинеті өз жұмысын бастады.
Бұған дейін түнгі уақытта МРТ зерттеуінен өту мүмкіндігі негізінен ірі стационарларда ғана қолжетімді болса, енді мегаполис тұрғындары жоғары технологиялық диагностикалық тексеруден алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін емхана базасында тәулік бойы өте алады.
Жобаның басты ерекшелігі – МРТ зерттеулері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) аясында медициналық ұйымдардың жолдамасы бойынша тұрғындарға тегін көрсетіледі.
Мамандардың пікірінше, тәулік бойы жұмыс істейтін МРТ кабинетінің іске қосылуы диагностикалық зерттеулерді күту мерзімін қысқартуға, сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және түрлі ауруларды ерте анықтау мүмкіндігін жақсартуға ықпал етеді. Уақтылы қойылған диагноз емдеудің тиімділігін арттыруда шешуші рөл атқаратындықтан, МРТ қызметінің мүмкіндіктерін кеңейту қалалық денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
Пациенттерді қабылдау алдын ала жазылу және медициналық ұйымның жолдамасы негізінде жүзеге асырылады.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында атап өткендей, жаңа жоба қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған және мегаполистің денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі кешенді жұмыстың бір бөлігі болып табылады.