Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДCҰ) бастамасы шеңберінде жаңа жоба ұсынылды

Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДCҰ) бастамасы шеңберінде жаңа жоба ұсынылды

Алматыда Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Салауатты қалалар» халықаралық тұжырымдамасын енгізу мәселесі талқыланды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов, Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Шолпан Қаржаубаева және Q88 қауымдастығының өкілдері қатысқан жұмыс кездесуі барысында Қазақстандағы медициналық ұйымдардың аумақтарын заманауи абаттандыру және көгалдандыру бойынша алғашқы жоба таныстырылды.

Абаттандыру тұжырымдамасы мен эскиздік жобаларды Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығының атқарушы директоры Айнұр Сағынаева және Q88 қауымдастық кеңесінің мүшесі Роман Шнайдерман ұсынды.

Жоба Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы мен №36 қалалық емхана аумақтарында заманауи әрі жайлы кеңістіктер құруды көздейді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, медициналық ұйымдардың аумақтарын көгалдандыру пациенттердің күйзеліс деңгейін төмендетуге, олардың жалпы жағдайын жақсартуға, медицина қызметкерлері үшін қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыруға және қалалық ортаның сапасын арттыруға ықпал етеді.

Ұсынылған жоба ДДСҰ-ның «Салауатты қалалар» халықаралық бастамасы аясында қарастырылуда және Қазақстандағы осы бағыттағы алғашқы тәжірибелердің бірі болуы мүмкін.