АЛМАТЫЛЫҚТАР 36 ЛИТРДЕН АСТАМ ҚАН ТАПСЫРДЫ

АЛМАТЫЛЫҚТАР 36 ЛИТРДЕН АСТАМ ҚАН ТАПСЫРДЫ

Алматы қаласында Дүниежүзілік қан доноры күніне орай Донорлар фестивалі өтті. Іс-шараға әртүрлі мамандық иелері мен түрлі жастағы тұрғындар қатысып, қан құюды қажет ететін жандарға көмек көрсету мақсатында бас қосты.

Фестивальді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Алмалы ауданы әкімдігінің қолдауымен Қалалық кардиологиялық орталық және Қалалық қан орталығы ұйымдастырды.

Іс-шара аясында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов донорлық қозғалыстың белсенді қатысушыларына алғыс хаттар табыстады. Олар көптеген жылдар бойы тұрақты түрде қан тапсырып, өзгелерге үлгі болып келеді.

«Әрбір донация – біреудің өмірін сақтап қалуға берілген мүмкіндік. Қан тапсырудың артында адамгершілік, жанашырлық және бейтаныс жанға көмек көрсетуге дайындық жатыр. Осы игі іске уақыт тауып, үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», – деді Марат Пашимов.

Акция барысында 98 адам тіркеуден өтті. Міндетті медициналық тексеру мен денсаулық жағдайын бағалаудан кейін олардың 72-сі донорлыққа жіберілді, ал 26 адам медициналық көрсеткіштерге байланысты уақытша шеттетілді.

Нәтижесінде 36 литрден астам қан (36 936 мл) дайындалды. Донорлардың арасында бірінші оң қан тобының иелері басым болды – 27 адам. Екінші оң қан тобын – 17 адам, үшінші оң қан тобын – 16 адам, төртінші оң қан тобын – 7 адам тапсырды. Сонымен қатар сирек кездесетін теріс резус-факторлы қан иелері де донор болды: үшінші топ – 3 адам, төртінші топ – 2 адам.

Қан және оның компоненттері жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерге, күрделі операциялардан кейінгі пациенттерге, онкологиялық және гематологиялық аурулары бар адамдарға, сондай-ақ босану кезінде асқынулар болған әйелдерге күн сайын қажет.

Мегаполистің денсаулық сақтау жүйесі үшін донорлықтың маңызы стратегиялық мәнге ие. Жыл сайын шамамен 35 мың доза қан компоненттері қажет, бұл 11 мың литрден астам көлемді құрайды. Тұрақты түрде жүргізілетін қан құюлардың арқасында мыңдаған пациент қажетті медициналық көмек алады. Күн сайын 120-ға дейін трансфузия жасалады және олардың әрқайсысы адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалуда шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Фестиваль донорлықтың қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесудің ең қарапайым әрі маңызды жолдарының бірі болып қала беретінін тағы бір мәрте еске салды.