Үш кішкентай нәрестенің өмірі үшін дәрігерлер жан аямай күресті

Үш кішкентай нәрестенің өмірі үшін дәрігерлер жан аямай күресті

Осыдан бір ай бұрын үш кішкентай қыздың өмірі үшін үлкен дәрігерлер тобы күрес жүргізсе, бүгін Раяна, Айлана және Аяна аналарымен бірге алғаш рет үйлеріне аттануда.

Үшемдер 7 мамыр күні Алматы қаласындағы №2 Қалалық перинаталдық орталықта жүктіліктің 35 аптасында дүниеге келді. Отбасы үшін сәбилер үшінші, төртінші және бесінші бала атанды. Жаңа туған нәрестелердің салмағы 1690, 1390 және 1660 грамм болды.

Туғаннан кейін қыздардың жағдайы ауыр болды. Алғашқы аптада олар мамандардың тәулік бойы бақылауында жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімшесінде ем қабылдады.

Кейіннен сәбилер жоғары тәуелді күтім бөлімшесінде емін жалғастырды. Күн өткен сайын олардың жағдайы жақсарып, күш жинай бастады, ал неонатологтар, реаниматологтар мен мейіргерлер осы күннің жақындауы үшін бар күш-жігерін жұмсады.

Бүгін күні Раяна, Айлана және Аянаның жағдайы айтарлықтай жақсарды. Бір ай бойы жүргізілген ем, қамқорлық пен үздіксіз бақылаудан кейін қыздар аналарымен бірге үйлеріне шығарылуда.

«Шын жүректен дәрігерлерге, балалар бөлімшесінің қызметкерлеріне, хирургтерге, медбикелерге және №2 Перинаталдық орталықтың бүкіл ұжымына алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, қамқорлықтарыңыз бен қолдауларыңыздың арқасында қыздарым бүгінде жанымда және біз үйімізге қайтып бара жатырмыз», – деп үшемдердің анасы өз ризашылығын білдірді.
Бұл сәбилердің тарихы – бір отбасының үш есе бақыты ғана емес, сонымен қатар ең кішкентай пациенттердің салауатты өмірге алғашқы қадамдарын жасауына күн сайын көмектесіп жүрген медицина қызметкерлерінің ерен еңбегінің нәтижесі.