
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың төрағалығымен жұмыс кеңесі өтіп, онда денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер, соның ішінде суицидтік мінез-құлықтың алдын алу шаралары, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту және халыққа психологиялық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Кездесу барысында тәуекел тобына жататын адамдарды ерте анықтау, оларды сүйемелдеу және тиісті қызметтерге бағыттау, сондай-ақ медициналық ұйымдар, білім беру мекемелері мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Алматы қаласында тәулік бойы көмек көрсетіп, пациенттерді сүйемелдеуді қамтамасыз ететін шұғыл әрекет ету суицидологиялық қызметі жұмыс істейтіні атап өтілді. Сонымен қатар, тегін әрі анонимді Сенім телефоны қызмет көрсетеді: +7 (727) 1303, +7 (727) 376-56-60, +7 708 983 28 63.
Суицидтік қауіп-қатер белгілерін анықтау және профилактикалық жұмысты жетілдіру мәселелері бойынша медицина қызметкерлерін оқытуға ерекше назар аударылуда.
Профилактикалық іс-шаралар аясында 830 әскери қызметші мен 1 279 құқық қорғау органы қызметкері оқытудан өтті. Оқушылар мен студенттер үшін 95 дәріс пен семинар өткізіліп, оған 7 148 адам қатысты. Сондай-ақ педагогтерге, медицина қызметкерлеріне және басқа да мамандарға арналған 8 мамандандырылған семинар ұйымдастырылып, оған 441 адам қатысты. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен 361 ата-ана қамтылды. Жалпы профилактикалық іс-шаралармен 10 мыңнан астам адам қамтылды.
Кеңес қорытындысы бойынша Марат Пашимов ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуды, халық арасында профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, сондай-ақ Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесі аясында вакцинациямен қамтуды арттыруды тапсырды.